"Пара алды" және "қызмет өкілетін асыра пайдаланды" деген күдікпен қамалған Қазақстан білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева тергеу орындарымен процестік келісім жасауға өтініш берген. Бұл туралы Жемқорлыққа қарсы агенттік жетекшісі Алик Шпекбаевқа сілтеме жасап Tengrinews сайты хабарлады.
"Министр орынбасарының процестік келісім жасауға әзір екені туралы қорғаушы адвокаты арқылы берген өтініші ескерілді. Істі жеделдетіп сотқа жібердік" деген Шпекбаев.
"Сот кабинеті" жүйесіндегі ақпаратқа қарағанда Эльмира Суханбердиеваның ісі Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық №2 сотына түскен.
2018 жылдың қыркүйек айынан бастап білім және ғылым министрінің орынбасары болып істеген Эльмира Суханбердиева сот шешімі бойынша 5 маусымда екі айға қамалған.
Білім саласына қатысы бар тағы бір қылмыстық іс бойынша күдікке іліккен Ұлттық тестілеу орталығының бұрынғы бас директоры Рамазан Әлімқұлов та қамауда отыр. Мамыр айында Нұр-Сұлтан сотының шешімімен шілденің 20-сына дейін тұтқынға алынған Әлімқұлов "делдалдар арқылы жүйелі түрде ірі көлемде пара алған" деген күдікпен ұсталған.
ПІКІРЛЕР