Accessibility links

Нұр-Сұлтанда "Абу-Даби Плаза" құрылысшылары жалақы өсіруді талап етті


Астанадағы "Абу Даби Плаза" кешені құрылысы. 3 қыркүйек 2017 жыл.
Астанадағы "Абу Даби Плаза" кешені құрылысы. 3 қыркүйек 2017 жыл.

3 шілдеде Нұр-Сұлтанда «Абу-Даби Плаза» кешенін салып жатқан құрылысшылар наразылыққа білдіріп, құрылыс компаниясынан жұмыс жағдайын жақсартуды талап етті.

Сәрсенбіде әлеуметтік желіде тараған видеода жүздей адам жиналып тұрған видео тараған. Видеоны түсіріп тұрған адам оқиға «Абу-Дабиде» болып жатқанын айтқан.

Кейін Нұр-Сұлтан әкімдігі жұмысшылар «Абу-Даби Плаза» кешенінің құрылыс алаңына жиналып, жұмыс жағдайы мен жалақының аздығына шағымданғанын хабарлады. Әкімдіктің мәлімдеуінше, 40 минуттай уақыттан соң жұмысшылар тарап, жұмыс алаңдарына кеткен.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, құрылысшылар Нұр-Сұлтанның еңбек инспекторы Ерлан Исмағұловпен және Есіл аудандық прокуроры Дархан Қатаевпен кездескен. Билік өкілдері жұмысшылардан мәселені компания кеңсесіне барып талқылауды сұраған.

Әкімдік құрылыс компаниясының кеңсесінде жұмысшылар қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновпен, «Абу Даби Плазаны» салып жатқан Arabtec Consolidated Contractors Limited компаниясының өкілі Джон Кэмпбеллмен кездескенін мәлімдеді.

Нұр-Сұлтан әкімдігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, «жиналыстан кейін Arabtec жетекшісіне тамақтану мәселесін шешу, намаз оқуға жағдай жасау және инфляция болған жағдайда жалақы өсіру тапсырылған».

Қазақстан астанасында «Абу-Даби Плаза» құрылысы 2010 жылы басталған. Құрылыс алаңында бірнеше рет өрт болған. Құрылысы 2016 жылы аяқталады деген ғимарат әлі пайдалануға берілген жоқ.

2017 жылы қыркүйекте «Абу-Даби Плазада» жергілікті және шетелдік жұмысшылар төбелескен. Қазақстан билігі төбелесті «тұрмыстық жанжал» деп, екі адамның жарақаттанғанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG