Арыстағы оқиғаға байланысты пікір айтып, сынға ұшыраған қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев 4 шілдеде "кешірім сұрау мәселесі - бұл әскерилер, Арыс тұрғындары және министр арасындағы мәселе" деді.
Ол Арыстағы оқиғадан зардап шеккен отбасыларға көңіл айтып, бейбіт уақытта мұндай төтенше оқиғалар болмауы тиіс деді.
"Елдің қорғаныс күштерінде қызмет ететін барлық әскерилер зардап шеккендердің қайғысына ортақтасады. Әскери борышын өтеуге барған кез келген әскери қызметкер саналы түрде тәуекелге барып, жауапкершілікті мойнына алады. Сондықтан әскери қызметкер үшін тәуекелге бару - табиғи құбылыс. Бірақ бейбіт заманда әрине, мұндай апат болмауы тиіс, бұл қалыпты нәрсе емес. Сондықтан қазір жан-жақты тергеу жүріп жатыр. Кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылады, ешкім оларды жасырып, ақтамайды. Кешірім сұрау мәселесі - бұл әскери қызметкерлер, мен және Арыс тұрғындары арасындағы мәселе" деді министр.
3 шілдеде Нұрлан Ермекбаев үш адам қаза тауып, мыңнан астам нысанның бүлінуіне себеп болған Арыстағы жарылысты "табиғи құбылыс" деп атап, халықтан "кешірім сұраудың ретін көріп тұрған жоқпын" деп мәлімдеген еді. Министрдің мәлімдемесінен кейін әлеуметтік желі қолданушылары оның пікірін сынаған.
24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қойма жарылды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам (Арыс тұрғыны мен екі әскери) қаза тауып, 400-ден астам адам дәрігер көмегіне жүгінген. Төтенше жағдай комитетінің мәліметінше, Арыстағы үйлердің 85 пайызы бүлінген.
Қазақстан үкіметінің хабарлауынша, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, үш мыңнан астам адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. 27 маусымда Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төртінші рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Ал Түркістан облысы әкімдігі мен Шымкент әкімдігі "Арыс тұрғындарына беретін үй жоқ" деген.
28 маусымда Шымкент пен көрші елді мекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды.
Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағындағы жарылыстан бір адам мерт болған еді. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.
2014 жылы Арыстағы "Қазақжарылысөнеркәсібі" акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.
Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР