Accessibility links

Арыста тағы жарылыс болды


Арыс қаласы маңындағы әскери қойма жақтан көтерілген түтін. 24 маусым 2019 жыл.
Арыс қаласы маңындағы әскери қойма жақтан көтерілген түтін. 24 маусым 2019 жыл.

5 шілдеде күндізгі сағат 14:30 шамасында Арыс қаласында тағы жарылыс болған. Түркістан облыстық төтенше жағдай департаменті әскери қоймада "қалып қалған 1-2 снарядтың жарылғанын" хабарлады.

- Қала тұрғындарына еш қауіп жоқ. Тұрғындар қаладан кетіп жатыр деген ақпарат расталмады, - деді облыстық төтенше жағдай департаментінің өкілі Әуезхан Бердалиев Азаттық тілшісіне түстен кейін.

Арыс тұрғындары Азаттық тілшісіне әскери қойма жақтан қатарынан төрт жарылысты естігенін айтты.

- Жарты сағат бұрын жарылыс болды. Бір-бірінің артынан болды. Арасы 25-30 секунд. Екіншісі қатты болды. Әскери қойма жақтан түтін шықты. Бізде жел қатты болып жатыр. Ана түтінді алып кетті. Үй қимылдады. Вибрация берді. Әйнек сықырлады. Бала-шағамызбен бірге далаға атып шықтық, - дейді қала тұрғыны Нұрлан Күзембаев.

Ақжарқын есімді тұрғын әскери қойма жақтан саңырауқұлақ пішінді түтін көтерілгенін, өзге тұрғындармен бірге өзі де қаладан кетуге оқталғанын айтты.

- Біз қаладан шығып бара жатқан кезде әскерилерді көрдік. Олар бізге "қалаға қайтыңдар, қорықпаңдар, еш қауіп жоқ" деп айтты. Тұрғындардың кейбірі сонда да қарамай кетті. Кейбірі қалада қалды, - дейді ол.

Қазақстанның қорғаныс министрлігі шілденің 5-і күні арнайы мәлімдеме таратты. Министрліктің хабарлауынша, "инженер-саперлар қойманың дәл алдындағы аумақты оқ-дәрі қалдықтарынан тазалап жүргенде бір оқ-дәрі жарылып, артынша өрт тұтанған".

"Әскери өрт сөндірушілер өртті сөндірді. Зардап шеккендер жоқ. Жергілікті тұрғындарға еш қауіп жоқ" делінген министрлік хабарламасында.

Бұған дейін қорғаныс министрлігі Арыс қаласындағы әскери қоймадағы "қару-жарақтың басқа жаққа көшіріле бастағанын" хабарлаған еді. Бірақ министрлік нақты қай аумаққа тасымалданатынын айтпаған.

24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қойма жарылды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам (Арыс тұрғыны мен екі әскери) қаза тауып, 400-ден астам адам дәрігер көмегіне жүгінген еді.

27 маусымда Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төртінші рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Ертеңіне, 28 маусымда Шымкент пен көрші елдімекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды.

Бұған дейін жергілікті билік әскери қоймадағы оқ-дәрілердің 70 пайызы жарылып кеткенін, қалада тұру қауіпсіз екенін айтқан. Бірақ кейбір тұрғындар жарылыстан жүректері шайлығып қалғанын, қалада тұруға қорқып отырғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG