Қарағандыдан шамамен 500 шақырым жерде орналасқан Шұбаркөл көмір разрезінде вахталық әдіспен еңбек етіп жатқан жұмысшылар 6 шілдеде таңертеңнен бастап жұмысын тоқтатты. Олар "Шұбаркөл көмір" компаниясының президентімен кездесуді талап етті. Азаттық тілшісімен сөйлескен кейбір жұмысшылар оған әуел баста екі карьерден шамамен 300 адам жиналғанын, кейінірек өзге карьер жұмысшылары да қосылғанын айтты.
Жұмысшылардың түсіндіруінше наразылыққа 32 жастағы кеншінің өз-өзіне қол жұмсауы себеп болған. Әріптестерінің ойынша, 5 шілдеде жұмысшылар ауылынан сүйегі табылған жұмысшыға компания басшылығы қысым жасап, соның салдарынан ол өз-өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін.
Жиналғандар басшылықтағы бірнеше адамның қызметтен кетуін талап етті. Бұған қоса жұмысшылардың өндірісте қаза табу оқиғаларын толық әрі объективті зерттеуді, қайтыс болған адамның отбасына материалдық көмек көрсетуді, жұмыс орнында қызметкерлермен адами қарым-қатынас жасау, жұмыс тоқтатқан азаматтарға қысым жасамауды талап етті.
- Біз кеше компания президентімен жеке кездесуді талап еткен едік. Оның бүгін таңертең келуін сұрадық. Бірақ таңертең келген жоқ, бізге видеоконференция арқылы сөйлесуді ұсынды. Біз бұған келіспейміз. Сондықтан екі карьердағы жұмысты тоқтату туралы шешім қабылдадық. Біз жұмыстағы жағдайға байланысты дарға асылып өлген жұмысшының жағдайын анықтағымыз келеді. Біз жақтан ешқандай агрессия болып жатқан жоқ, бірақ басшылық жұмысшылардың жан айқайын естісе дейміз, - деді аты-жөнін көрсетпеуді өтінген жұмысшы.
Жұмысшылармен кездесуге күндіз компания президенті Андрей Сафонов келді. Ол азаматтарға айтылған мәселелерді "зерттеуге" уәде берді. Кездесуге бір полицей қатысты.
- Мен сендермен еркекше сөйлесіп жатырмын. Мәселе бар деді. Осыншалықты көп адам жиналса, демек бірдеңе болған, бір нәрсе ескерілмей қалған. Ешқандай қуғын болмайды! Сөзіме сеніңіздер. Бірақ егер біреу бір нәрсені қасақана бүлдірсе, ешкім тиіспейді деп уәде берген еді деп айтатын болса, бұл дұрыс емес. Сіз бен біз "Шұбаркөл көмірдің" тағы жүз жыл істегенін қалаймыз, - деді жұмысшылар алдында сөйлеген президент Андрей Сафонов.
Компанияның баспасөз хатшысы Дамир Сатаев Азаттық тілшісіне жұмысшылар мен басшылық кездесуінен кейін ресми түсініктеме беруге уәде берді. Әзірге компаниядан ақпарат түспеді.
"Шұбаркөл көмір" АҚ Қазақстанда көмір өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі. 1985 жылы "Шұбаркөл көмір разрезі" ретінде құрылған.
ПІКІРЛЕР