6 шілде кешке Нұр-Сұлтандағы наразылық шарасынан тікелей эфирде ақпарат таратқан Азаттық тілшілері Өркен Жоямерген мен Ержан Әмірхановқа белгісіз біреу шағын баллоннан газ шашып кеткен. Ол баллонды Азаттық тілшілеріне бағыттағанымен, сол жерде журналистер көп болғандықтан өзге де тілшілерге тиген.
- 45-50 жасқа таяған шашы ағарған сұр түсті футболка киген азамат Ержанның камерасын төмен қарай басып, газ сеуіп кетті. Ержан екеуміз бұл кезде қатарынан бір жаққа қарап тұрғанбыз. Менің оң жағымнан, Ержанның сол жағынан сеуіп кетті. Менің оң көзім, оң қолым, Ержанның сол көзі, сол қолы, қолтығына дейін сепкен. Ержан полицияға "газ шашып кетті" деп айғайлады. Бірақ ешкім мән берген жоқ. Қазірге дейін қолымыз, көзіміз ашып тұр. Егер бетімізге тура шашқан кезде мүлде жұмысымызды жалғастыра алмас едік, - деді Өркен Жоямерген.
Бұл күні қолшатыр ұстаған маска таққан қара киімдегі екі адам Азаттықтың түсірілім тобына кедергі келтіріп, наразылық шарасынан ақпарат таратуға барынша бөгет жасаған. Олар камера бетін көлегейлеп, оқиғаны неғұрлым түсіртпеуге тырысқан. Бұған қоса, олар тілшілерге бейәдеп сөздер айтып, қоқан-лоқы жасаған.
Дәл осыған ұқсас жағдай Шымкентте де қайталанды. Көк және қара түсті қолшатыр ұстаған адам бірнеше сағат бойы Шымкенттегі Әл-Фараби алаңынан ақпарат таратқан Азаттық тілшісінің соңынан қалмай, түсіруіне кедергі жасаған. Сол маңда жүрген полиция осы адамдардың әрекетіне ешқандай шара қолданбаған.
6 шілде астана күні Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Ақтөбеде полиция "рұқсат етілмеген митингке шыққан" жүздеген адамды ұстады.
Нұр-Сұлтанда журналистерге қызмет барысында қолшатырмен кедергі жасау оқиғасы бірінші рет болып отырған жоқ. Алайда газ шашып, жұмысқа бөгет жасау алғаш рет кездесіп отыр.
Бұдан алдын, биыл 9 маусымда Нұр-Сұлтанда наразылық шарасынан хабар таратуға барған Азаттық тілшісі Тимур Айтмұхаметовке де белгісіз біреу қолшатырмен кедергі келтірген. Қолшатыр ұстаған адам Азаттық операторының камерасын жапқан.
Ал мамырдың 1-і күні Нұр-Сұлтандағы шарадан хабар тарату кезінде белгісіз адамдар Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің қолын қайырып, смартфонын тартып алған. Сол күні таңертең белгісіз адамдар Азаттық операторы Ержан Әмірхановтың көлігінің терезесін шағып кетсе, Тимур Айтмұханбетовтің тұрақта тұрған көлігігінің алдына әлдекімдер автокөлік қойып, жолын жауып тастаған.
22 наурызда да Қазақстан астанасындағы наразылықты түсіруге барған Азаттық тілшілері Өркен Жоямерген мен Тимур Айтмұханбетовке сол маңда жүрген, өздерін "студентпіз" деп таныстырған бір топ жас жұмыс істеуге кедергі келтірді. Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі келтіру сол күні Алматыда болған наразылық кезінде де байқалды. Бұған ұқсас оқиғалар Шымкентте де байқалған.
Оқи отырыңыз: Шымкентте полиция 50-ге жуық адамды ұстаған
"Азат Еуропа/Азаттық радиосы" медиакорпорациясы осы компанияның журналистеріне жасалған кедергіні сынаған. Медиакорпорация тілшілерге жасалған кедергіні "тәуелсіз журналистерге қысым және саяси оқиғалардан хабар таратуға тырысқан ақпарат құралдарын бақылауда ұстау әрекеті" деп бағалаған.
ПІКІРЛЕР