Accessibility links

Тәжікстан түрмесінде 14 сотталушы астан уланып қаза тапты


Тәжікстандағы түрмелердің бірі.
Тәжікстандағы түрмелердің бірі.

Тәжікстан түрмесінде қамауда отырған 14 азамат астан уланып қаза тапқан соң қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық жазаны атқару бас басқармасының хабарлауынша, 7 шілдеде сотталғандарды Тәжікстан солтүстігіндегі Соғды облысынан Душанбе, Нурек және Яван түрмелеріне жөнелту кезінде кейбір азаматтар ауырып тұрғанын айтқан. Оқиға сотталғандардың бірі өзімен бірге отырған 15 адаммен үш бөлке нанды бөлісіп жеген соң болған.

"Жарты сағаттан соң 16 азаматтың жүрегі айнып, басы айналып, құсты" деп жазылған әділет министрлігіне қарасты басқарма хабарламасында. Душанбеге келген бойда мазасы кеткендердің бәрі есінен танып қалған. Мемлекеттік "Ховар" агенттігі дәрігерлер тек екі адамды құтқарып қала алғанын хабарлады.

Бас прокуратура тергеу бастады. Бұл - соңғы бірнеше ай ішінде Тәжікстанда сотталғандар жаппай қаза тапқан екінші жағдай. 19 мамырда Душанбеден 20 шақырым жерде жатқан Вахдат түрмесінде бүлік шығып, 29 сотталған азамат пен үш күзетші қаза тапқан. Билік бүлікті "Ислам мемлекеті" террорлық тобы ұйымдастырды" деп мәлімдеген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG