Accessibility links

"Шаңырақ ісімен" сотталған Өтегеновті тергеу изоляторына "ауыстырған"


Құрманғазы Өтегенов "Шаңырақ ісі" бойынша сотта отыр. Алматы. 11 қыркүйек, 2007 жыл.
Құрманғазы Өтегенов "Шаңырақ ісі" бойынша сотта отыр. Алматы. 11 қыркүйек, 2007 жыл.

Құқық қорғаушы Елена Семенованың пайымдауынша, "Шаңырақ ісімен" сотталған Құрманғазы Өтегеновті Павлодардағы тергеу изоляторына ауыстырып жіберген. Ол 11 шілдеде Павлодардағы қатаң режимдегі АП-162/4 түрмесіне Өтегеновпен кездесуге барғанда түрме қызметкерлері оны басқа жаққа ауыстырғанын жеткізген.

Түрме басшысы Дәулет Макин де Азаттыққа Өтегеновті тергеу изоляторына алып кеткенін айтты.

- Кеше осында болған, бүгін жоқ. Семенова келмей тұрып, таңертең оны тергеу изоляторына алып кетті, - деді ол телефонмен.

Макин Өтегеновті не үшін изоляторға ауыстырғанын айтудан бас тартты.

Өтегенов қысқа және ұзақ кездесулерге мүмкіндік алған. Сотталушы бұл мүмкіндіктерін құқық қорғаушы Елена Семеновамен кездесуге қолданатынын айтқан.

Бірнеше күн бұрын осы түрмеде отырған сотталушылардың бірі Азаттық тілшісіне телефон арқылы хабарласып, Өтегеновке қысым жасалып жатқанын айтқан. Есімін жариялаудан бас тартқан ол "Өтегенов шағым жасай берген соң таяқ жегенін" жеткізген.

8 шілдеде Елена Семенова Facebook парақшасында бас прокуратураға ашық хат жариялады. Құқық қорғаушы хатында түрмеде тексеру жүріп, бірнеше сотталушыға қысым жасалғанын жазған. Семенова қысым көргендердің арасында Өтегеновте бар деп күдіктенеді. Құқық қорғаушы Азаттыққа "осы жағдайға байланысты мені Өтегеновпен кездестірмей отыр" деген ойын айтты.

Бұған дейін Семенова Құрманғазы Өтегеновтің денсаулығы нашар екенін, гастриті асқынып бара жатқанын, аяғы ауыратынын хабарлаған. Бірақ Павлодар облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаменті құқық қорғаушының сөзін жоққа шығарған.

Өтегеновтің өзі ел билігіне жазған шағымдары жоғарыға жетпейтінін айтып, бірнеше рет шағымданған. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті оның да сөзін жоққа шығарады.

Өтегенов 2006 жылғы 14 маусымда Алматының шетіндегі Шаңырақ ықшамауданында болған оқиғаларға қатысты деп айыпталып, 16 жылға түрме жазасына кесілген. Кейін оған “түрме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбады” деген айып тағылып, негізгі жаза мерзіміне тағы екі жарым жыл қосылған.

2006 жылы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған Арон Атабек те әлі қамауда отыр. Ал "Шаңырақ ісі" бойынша түрмеге қамалған Рүстем Тұяқов пен Ерғанат Тараншиев 2018 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG