Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Джереми Хант жұма, 19 шілдеде Ормуз бұғазында Иран билігінің екі британдық кемені басып алғанын мәлімдеді. Associated Press агенттігі стратегиялық маңызды теңіз жолдары өтетін аймақта жағдай ушықты деп хабарлайды. Ханттың айтуынша, ұсталған екі кеменің бірінде - британ туы, екіншісінде либерия туы ілініп тұрған. Экипажда түрлі ел азаматтары бар. Олардың арасында британдық азаматтар болмауы мүмкін деді Ұлыбританияның сыртқы істер министрі.
Қауіпсіздік мәселелеріне арналған үкіметтің шұғыл отырысында Хант кемелерді басып алуға жол беруге болмайды деп кесіп айтқан. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Ормуз бұғазында кемелер қозғалысына шектеу қойылса, бұдан Иран жағы көбірек зардап шегеді деп ескерткен.
Жұма күні мұның алдында Ормуз бұғазында Иранның Stena Impero британдық мұнай танкерін басып алғаны хабарланған еді. Танкер "кеме қатынасы ережелерін бұзды" деген желеумен Иран портына жеткізілген.
Танкер иесі Stena Bulk компаниясының мәлімдемесінде экипажға ешқандай белгісі жоқ кемелер мен тікұшақтар жақындаған соң кемемен байланыс үзілгені жазылған. Компанияның хабарлауынша, 23 жолаушысы бар халықаралық теңіз аумағында жүзген кемеге шабуыл жасалып, Иран портына жеткізілген болуы мүмкін.
Бұл оқиға Вашингтонның Иран дронын атып түсіргені жайлы мәлімдемесінен кейін екі күн өткен соң болып отыр. АҚШ билігі бұғаздың әуе кеңістігінде ұшу аппаратын атып түсіргенін хабарлаған. Иран билігі құлаған дронға өздерінің қатысы жоқ екенін айтты.
19 шілдеде Гибралтар соты осы айдың басында британ теңізшілері ұстаған ирандық Grace-1 танкерінің қамау мерзімін бір айға созды. Британ билігі танкердің Сирия үкіметіне мұнай тасымалдамақ болғанын, осылайша Еуроодақ салған санкцияны бұзғанын хабарлаған.
ПІКІРЛЕР