Accessibility links

Министр: Қауіпсіздік сертификаты вирустардан қорғап, кибер шабуылдарға төтеп береді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Бүгін, 26 шілдеде Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев қауіпсіздік сертификатына байланысты журналистер сұрақтарына жауап берді

Орталық коммуникация қызметінде өткен жиында министр алдымен журналистерге ұялы телефонына қауіпсіздік сертификатын орнатқанын айтып, көрсетті. Бұған дейін министр қоғам тарапынан сынға ұшыраған қауіпсіздік сертификатын өзі әлі орнатпағанын айтқан еді.

- Интернетте заңға қайшы контент пен киберқауіп бар. Қауіпсіздік сертификаты солардан қорғайды. Заңға қайшы контент дегеніміз, мәселен, суицидті насихаттайтын сайттар, экстремистік және террористік ақпараттарды тарататын сайттар бар. Оған қоса фишинг және вирус тарататын сайттар бар, - деді министр.

"Мемлекеттік қызметкерлердің бір жарым жылдан бері қауіпсіздік сертификатын пайдаланып жүргенін" айтқан министр соңғы бір айдың ішінде сертификат "сегіз миллионнан аса белсенді вирустарды анықтап, 130 кибер шабуылдан қорғап қалғанын" атап өтті.


​Өткен аптада қазақстандықтар ұялы байланыс операторларынан «интернетке кіру мәселесі туындамас үшін» арнайы қауіпсіздік сертификатын орнатуды ұсынған хабарлама ала бастаған. Операторлар мұны «кибер шабуылды алдын алу шарасы» деп атайды. Қолданушылар билік ұсынған бұл сертификатты сынап жатыр. Олар «билік осы сертификат арқылы әркімнің жеке ақпаратын бақылап отырғысы келеді» деп топшылайды.

Сарапшылар да «бұл сертификат орнатқаннан кейін қолданушылардың жеке деректері, хаттары, парольдері, қандай сайттарға кіргенін білу оңайға түсетінін» айтады. Халықаралық "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) қазақстандық ұялы байланыс операторлары азаматтарға орнатып алуды ұсынып жатқан "қауіпсіздік сертификатынан" соң "цензура күшеюі мүмкін" деп қауіптенеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG