Сенбі, 27 шілдеде түскі сағат 12 шамасында Шымкент орталығындағы Кемел Тоқаев (қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі - ред.) көшесінің бойында азаматтық белсенді Гүлнар Момынова бір адамдық акция өткізіп, саяси тұтқындарды босатуды талап етті.
Ол Facebook-тағы парақшасына "Бүгін мен Шымкент қаласы Кемел Тоқаевтың көшесінде тұрып, оның ұлы, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялаймын. Мұхтар Жәкішевке, Серікжан Білəшұлына жəне барлық саяси тұтқындарға бостандық беруін сұраймын!" деп жазып, акциядан түсірілген шағын видеоны да жариялап қойған. Видеодан белсендінің "Мұхтар Жәкішевке бостандық! Серікжан Біләшұлына бостандық!" деген жазуы бар плакат ұстағаны көрінеді.
Белсенді Азаттыққа акцияның шамамен 10 минутқа созылғанын, ары-бері өтіп жатқан көліктердің сигнал беріп, қолдағанын айтты.
"Мұхтар Жәкішевтің сотын алыста болғандықтан тікелей эфирден көре алмадым. Сол күні босататын шығар деп үміттенген едім. Шілденің 25-і күні интернетті ақтарып қарасам, босатпаған екен. Бұл жаңалық маған өте ауыр тиді. Қатты қапаландым. Ол ешкімді өлтірген жоқ қой. Неге босатпайды? Теңіздің тамшысындай болса да, өз үлесімді қосайын деп бүгін шықтым. Бәріміз осылай үндеу жарияласақ, бәлкім босататын шығар" деді ол.
Гүлнар Момынова бүгінгі акциясын сонымен бірге елде саяси тұтқын ретінде танылған "Шаңырақ ісі" бойынша сотталған Арон Атабек, Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев және өзге азаматтарға арнайтынын, биліктен олардың да бостандығын талап еткенін айтты.
26 шілдеде кешке Нұр-Сұлтанда бір топ азамат саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы президенті, қазір түрмеде отырған Мұхтар Жәкішевке жақында шыққан шешімді айыптаған. Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысының өкілдері де Алматыда әр жұма сайын кешке өтетін серуен шарасының саяси тұтқындарға арналғанын хабарлаған.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда бір топ тұрғын биліктен Жәкішевті босатуды талап етті
25 шілдеде Алматыдағы Тәуелсіздік алаңында құқық қорғаушы, журналист Сергей Дуванов та Мұхтар Жәкішевке шыққан сот шешімін айыптап, жалғыз адамдық пикет өткізген еді. Сол күні алматылық белсенді Әсия Төлесова да соған ұқсас акция жасаған.
24 шілдеде Семей қалалық №2 сотының судьясы Ермек Шымыров "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады. Жәкішевтің мемлекет алдында 99 миллиард теңгеден астам қарызы бар екенін айтқан судья оны қамаудан ерте босата алмайтынын айтқан.
Сотта қорғау тарабы екі қылмыстық іс бойынша Жәкішевтің мемлекетке қарызын туыстары өтегенін, "қарызды өтемеу" мерзімінен бұрын босап шығуға кедергі бола алмайтынын айтқан еді. Адвокат Нұрлан Бейсекеевтің сөзінше, прокурор айтқан "қарызды" (99 миллиард теңгеден астам) сотталушы және қорғау тарабы сот үкімі күшіне енгеннен кейін бірнеше жыл өткен соң бір-ақ білген. Осыдан соң Жәкішев мемлекеттен мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысын соны өтеу үшін берген.
55 жастағы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң "сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады" деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Оған "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айып тағылған еді.
Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр.
ПІКІРЛЕР