27 шілдеде Алматыда кешкі сағат 19.00 шамасында Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы алдына он шақты азамат жиналып, "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев пен өзге де саяси тұтқындарды босатуды талап етті.
Саяси тұтқындардың аты-жөндері жазылған футболка киіп, мойнына құлпысы бар шынжыр таққан азаматтық белсенді Даная Қалиева "адамдардың жазықтан-жазықсыз түрмеде отырғанына халық кінәлі екенін, көптің үнсіз келісімімен қылмыс жасалып жатқанын айтып" тұрғындардың белсенді болу қажеттігін айтты.
"Жақындарыңызға, туыстарыңызға, көршілеріңізге елде болып отырған жайтты айтыңыздар. Білсін, түсінсін, көрсін. Мұндай бассыздыққа, заңбұзушылыққа кез келген адам тап болуы мүмкін" деді Даная Қалиева акция кезінде.
"Жәкішевке бостандық", "Сөз бостандығы = түрме" деген жазуы бар парақтар ұстаған азаматтар спорт сарайы алдында қаз-қатар тізіліп тұрды. Әуелі олардың саны 8-9 адам болған, кейінірек оларға ары-бері өткен бірнеше адам қосылды. Белсенді Даная Қалиева акцияны қара көзілдірік киген белгісіз бірнеше адамның видеоға түсіргенін айтты.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында осыған ұқсас акциялар өткен. Оларға қатысушылар елдегі саяси тұтқындарды босатуды талап еткен. Мұндай акциялардың соңғы бірнеше күнде жиі өтуіне жақында соттың Мұхтар Жәкішевті түрмеден босатпау туралы шешімі түрткі болған.
24 шілдеде Семей қалалық №2 сотының судьясы Ермек Шымыров "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады. Жәкішевтің мемлекет алдында 99 миллиард теңгеден астам қарызы бар екенін айтқан судья оны қамаудан ерте босата алмайтынын айтқан.
Сотта қорғау тарабы екі қылмыстық іс бойынша Жәкішевтің мемлекетке қарызын туыстары өтегенін, "қарызды өтемеу" мерзімінен бұрын босап шығуға кедергі бола алмайтынын айтқан еді. Адвокат Нұрлан Бейсекеевтің сөзінше, прокурор айтқан "қарызды" (99 миллиард теңгеден астам) сотталушы және қорғау тарабы сот үкімі күшіне енгеннен кейін бірнеше жыл өткен соң бір-ақ білген. Осыдан соң Жәкішев мемлекеттен мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысын соны өтеу үшін берген.
55 жастағы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң "сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады" деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Оған "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айып тағылған еді.
Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр.
ПІКІРЛЕР