Сенбі, 27 шілдеде Мәскеуде қалалық дума депутаттығынан үміткер тәуелсіз кандидаттарды қолдаған акция өтті. ІІМ дерегінше, оған 3500 адам қатысқан. "ОВД-Инфо" құқық қорғау порталы одан де көбірек адам қатысқанын айтады.
Шерушілер әкімдік ғимараты маңында жиналуды жоспарлаған еді, алайда полиция, ОМОН және Росгвардия жасақтары ғимарат маңын қоршап, жан-жағындағы көшелерде жүрген адамдарды ұстай бастаған.
"ОВД-Инфо" дерегінше, 1134 адам (Мәскеу уақытымен 23:30 бойынша) ұсталған. ІІМ 1074 адамның ұсталғанын хабарлады. Олардың арасында ондаған кәмелетке толмаған жасөспірімдер болған.
Полицияның күш қолдануы салдарынан 77 адам жараланған. Мұндай деректі ақпарат көзін көрсетпеген Baza басылымы хабарлады. Ұсталғандарға "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып тағылды. Оларға 20 мың рубль көлемінде айыппұл салынуы мүмкін немесе 40 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегілуі мүмкін.
Акцияны тарату кезінде полиция адамдарды ұрып-соққан, қызметтік иттерді қолданған. Ақпарат бойынша, мына адамдардың қатты жараланғаны анықталды:
- Константин Коноваловты ұстаған кезде аяғы сынған. Қазір ол ауруханада.
- Қалалық дума депутаты Александра Парушинаның бас сүйегі жарылған. Жедел жәрдем қызметі оны Склифосовский атындағы ғылыми зерттеу институтына алып кеткен.
- Полиция белсенді Андрей Забурдяевтің басын резеңке таяқпен ұрып, бас сүйегі жарылған. Оның қайда екені белгісіз.
"ОВД-Инфо" дерегінше, полицейлер журналистерді де ұрған.
- Полицейлер фототілші Евгений Фельдманның камерасын ұрып, тілшінің мұрны сынған.
- РБК тілшісі Елена Шевелеваны полиция қызметкері ұрған, "Медиазона" тілшісінің қолын сындырған.
- Оператор Илья Варламов пен Алексей Солоухинның мұрнын сындырған.
- Фотограф Валерий Теневойды автозакта ұрып-соққан.
Бұған дейін ондаған оппозициялық және тәуелсіз кандидаттар саяси себеппен өздерін Мәскеу қалалық дума сайлауына жібермей отырғанына шағымданған еді. Олардың басым бөлігінің айтуынша, сайлау комиссиясы оларды қолдайтын азаматтардың қолын тіркеуден бас тартқан.
Сенбілік шеру кезінде тәуелсіз кандидаттар өздерін қолдайтын азаматтармен кездеспек болған. Бірақ полиция бұған мүмкіндік бермеген.
- Мәскеу қалалық думасына сайлау 8 қыркүйекте өтеді. Бір мандаттық округ бойынша барлығы 45 депутат сайланады. Парламентке енбеген партияға мүше адамдар сайлауға қатысу үшін бірнеше мың сайлаушы қолын жинауы керек.
- Кейбір дерекке қарағанда, рейтингісі төмен болуына байланысты "Единая Россия" депутаттарын сайлауға ұсынбаған. Олар өзін-өзі ұсынған кандидат ретінде сайлауға қатыспақ.
- Сайлауға тіркеле алмаған тәуелсіз кандидаттар арасында мәскеулік депутаттар Илья Яшин, Юлия Галямина, Жемқорлықпен күрес қорының өкілі Любовь Соболь, Иван Жданов, саясаткерлер Дмитрий Гудков, Сергей Митрохин бар.
ПІКІРЛЕР