Бүгін, 29 шілдеде Ақтөбе облысы Шалқар қаласында кісі қолынан мерт болған Аслан Әбдір жерленді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, 21 жастағы студент екі күн бұрын топтасып төбелесу кезінде оқ тиіп қаза болған. Алдын ала ақпарат бойынша, Шалқардағы екі ықшам аудан жастары арасында шыққан жанжал салдарынан үш адам ауыр жараланған. Оның екеуі қазір аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайы ауыр екенін айтады.
"27 шілде күні таңғы сағат үш шамасында бір топ жігіт Шалқар аудандық ауруханасына оқ тиген үш азаматты жеткізді. Олардың бірі - 1998 жылы туған жігіт ауруханаға жеткенше көз жұмған. 1999 және 2000 жылы туған азаматтарға шұғыл ота жасалды. Екеуінің де кеудесі мен ішіне бытыра тиген. Ауруханаға жеткізілген кезде жағдайлары өте ауыр болды. Қазір екеуінің жағдайы тұрақты ауыр" деді Азаттық тілшісіне Шалқар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Есенғали Көпенов.
Аты-жөнін атамауды сұраған Шалқар тұрғынының айтуынша, орталықтағы "Мерей" сауда үйінің жанында қаладағы "Город" және "Селивановка" деп аталатын екі ауданның балалары өзара шекісіп қалған.
Шалқар ауданы әкімі Бауыржан Қаниев тергеу мүддесіне орай ешқандай мәлімет бере алмайтынын айтты. Ақтөбе полициясының мәліметінше, "кісі өлтірді" деген күдікпен 21 жастағы жергілікті тұрғын қамауға алынған. Одан 16 калибрлі шолақ мылтық тәркіленген.
Шалқарда бұған дейін де жастар арасында төбелес болып, қазамен аяқталған. Биыл 26 қаңтарда қаладағы Ідіріс Үргенішбаев атындағы мектептің 10 сынып оқушысы Мирасбек Дәулетияр кісі қолынан мерт болған. Осыдан кейін Шалқардағы №6 мектептің 16 жастағы оқушысы қамауға алынған. Шалқар көлінің шетіндегі мұз айдынында болған төбелес кезінде Мирасбек Дәулетиярдың "жүрегіне пышақ салып алған" деген күдікпен ұсталған жасөспірім қазір тергеу изоляторында отыр. 15 шілде күні Ақтөбе облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты ол қылмыстық істі прокуратураға қайта тексеруге қайтарған.
ПІКІРЛЕР