Accessibility links

БҰҰ-ға Серікжан Біләштің ісі туралы петиция жолданды


Серікжан Біләш (сол жақта) пен оның адвокаты Айман Омарова сот залында. Нұр-Сұлтан, 29 шілде 2019 жыл.
Серікжан Біләш (сол жақта) пен оның адвокаты Айман Омарова сот залында. Нұр-Сұлтан, 29 шілде 2019 жыл.

АҚШ-тың Freedom Now үкіметтік емес ұйымы БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары басқармасы жанындағы азаматтарды негізсіз ұстау жөніндегі жұмыс тобын Қазақстанда жауапқа тартылып жатқан белсенді Серікжан Біләштің мәселесі бойынша "тез арада шара қабылдауға" шақырды.

Әлем бойынша ар-ождан тұтқындарын қорғаумен айналысатын үкіметтік емес ұйым Біләш жайлы 29 шілдеде петиция жолдағанын мәлімдеген. Ұйым "үкімет Біләшті қамауда ұстауды жалғастырып", (Қазақстанның)Адам құқықтары туралы жалпыға бірдей декларацияға қол қойғанда алған міндеттемелерін бұзып отыр деп жазған.

Құқық қорғаушылар мәлімдемесінде Біләш пен ол жетекшілік ететін "Атажұрт еріктілері" ұйымының "Шыңжаңдағы лагерьлер туралы толымды мәлімет берген сенімді ақпарат көзі" болғаны айтылған. Төрт ай бойы үйқамақта болған кезде Біләш пен жақындарына қысым жасалды дейді Freedom Now. Ұйым белсендінің үстінен қозғалған істі оның Қытайдағы адам құқығын қорғау қызметімен байланыстырады.

- Серікжан Біләш - Қытай лагерлеріндегі қазақтар мен ұйғырлар тағдыры туралы айтатын қайсар мінезді белсенді. Қамауға алу - оның негізгі құқығын бұзады және Шыңжандағы өрескел әділетсіздікке жұрт назарын аударуға тырысып жүргендерге қауіпті белгі. Freedom Now Қазақстан үкіметін Біләшті дереу және ешқандай шарт қоймай босатуға шақырады, - деп мәлімдеді ұйымның атқарушы директоры Маран Тернер.


Серікжан Біләш биыл наурыздан бері үйқамақта отыр. 29 шілдеде Нұр-Сұлтанда өткен алдын ала сот отырысында Біләштің ісін Алматы қаласындағы соттың қарауына беру туралы шешім қабылданған.

Тергеу орындары Серікжан Біләшқа Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабы бойынша (174-баптың 1-бөлігі) айып таққан. Бұл бап бойынша жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Біләш өзіне тағылған айыптарды терістеп, "ойдан шығарылған" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG