Accessibility links

Тұрғымбаев: Заречныйдағы "азаптау" видеосынан соң қылмыстық іс қозғалды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматы облысы Заречный кентіндегі түзеу мекемесіндегі азаптау оқиғасы жайлы тараған видеодан кейін екі қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Түзеу мекемесінің ішінде түсірілген 40 видео мен аудио жазбаны тексердік. Оның екеуінде сотталушыны азаптау әрекеті болғаны, қалғандарында қызмет бабын асыра пайдалану мен түрме қызметкерлерінің колониядағы режимді бұзу фактілері анықталды" деді 30 шілдеде Нұр-Сұлтанда журналистер сұрағына жауап берген министр Тұрғымбаев.

Оның сөзінше, барлығы 14 қызметкер тәртіптік жауапқа тартылып, соның жетеуі ішкі істер органдары қатарынан шығарылған. Олардың арасында түзеу мекемесі бастығының екі орынбасары бар.

"Кеше бұл колонияның бес қызметкері қамауға алынып, екі қылмыстық іс қозғалды. Бірін - ішкі қауіпсіздік департаменті, ал екіншісін - арнайы прокурор қозғады. Іс Алматы облыстық прокуратурасына жолданды. Қамауға алынған бес қызметкердің арасында түзеу мекемесі бастығының бір орынбасары бар" деді министр.

Қамау мекемесінде жазасын өтеп жатқандарды қинау туралы ондаған видео YouTube арнасында шілденің 26-сында жарияланған. Клиптерде ЛА-155/8 колониясына ұқсайтын мекемеде болған түрлі азаптау бейнеленген.

Шілденің 29-ында Алматы облысының Заречный кентінде орналасқан ЛА-155/8 түзеу мекемесінде билік журналистерге арнап шұғыл брифинг өткізіп, қызметтік тексеру қорытындысын жариялаған еді.

Бірақ құқық қорғаушылар қызметтен босату - "тұтқындардың ар-намысын қорлағандар үшін жеңіл жаза" деп санайды.

Өткен айда министр Тұрғымбаев елде түрмеде отырғандар мен түрме саны қысқарғаны туралы хабарлаған. Құқық қорғаушылар Қазақстан түрмелерінде азаптау мен өз-өзіне зақым келтіру фактілері көбейгенін айтады.

Азаттық бұған дейін Заречный түрмесіндегі азаптау фактілері жайлы жазған, зорлық-зомбылық құрбандарының кейбірі жарақатынан айықпаған күйі қайтыс болған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG