Ауғанстанның батысындағы Фарах уәлаятында жарылыс салдарынан кемінде 35 бейбіт тұрғын қаза тауып, 27 адам жараланған. Бұл туралы ауған ресмилері хабарлады.
Фарах уәлаяты полиция басшысының баспасөз хатшысы Мохибулла Мохибтің Азаттыққа айтуынша, 31 шілде күні таңертең жолаушы автобусы Аб-Хорма ауданында Қандағар-Герат бағытындағы жолмен өтіп бара жатқан кезде жол шетіне қойылған бомба жарылған. Мохибтің сөзінше, қаза тапқандар мен жараланғандардың көбі - әйел мен бала.
Жедел жәрдем көлігі жарылыстан зардап шеккендерді Фарах уәлаяты мен Гераттағы ауруханаларға жеткізген. Бұл жарылысқа жауапкершілікті әзірге ешкім алған жоқ.
Мохиб шабуылды ауған әскері мен шетелдік қауіпсіздік күштеріне қарсы ұйымдастырған деп Талибан қозғалысын айыптайды. Талибан қозғалысы өкілі Забиулла Муджахид бұл айыптауды жоққа шығарып, жарылысқа өздерінің қатысы жоғын мәлімдеді.
Жарылыс АҚШ шенеуніктері Ауғанстанда 18 жылға жуық жалғасып келе жатқан исламшыл қарулы топтар мен үкімет күштері арасындағы соғысты тоқтатуға әрекет етіп жатқан тұста жасалды.
30 шілдеде БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек миссиясы (UNAMA) жариялаған есепте биылғы жылдың алғашқы жартысында осы елде 300-ден аса бейбіт тұрғын қаза тауып, 2466 адам жараланғаны айтылған.
ПІКІРЛЕР