Алматы облысы Ақши ауылы тұсында Алакөлге құйылып жатқан құбыр суы жайлы видео әлеуметтік желіде жаппай тарап, жұртшылықтың наразылығын тудырды.
Facebook әлеуметттік желісінде Бауржан Омаров жариялаған видеода Алакөлге жағажай жақтан келетін құбырдан су түсі өзгеше судың лайланып құйылып жатқаны көрінеді. Видеода демалушылардың бірі канализация суының иісі шығып тұрғанын айтқан. Осыған орай әлеуметтік желіде "бұл - канализация суы болуы мүмкін" деген болжамдар көбейген.
Азаттық тілшісі Алматы облысы Алакөл ауданының әкімдігіне хабарласып, мән-жайды сұрастырды. Аудан әкімі аппаратының жетекшісі Бақытбек Сүлейменов "Алакөлге канализациядан лас су жіберіліп жатыр" деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның сөзінше, көлге құбырдан су құйылғаны кеше, шілденің 31-і белгілі болған.
"Құбыр суы жағадағы демалыс орындарының біріндегі бассейннен жіберілуі мүмкін" деген Бақытбек Сүлейменов "бассейн суының көлге қайта жіберілетінін бірінші рет естіп отырғанын, барлық демалыс үйлерінде бассейн суын төгетін септик бар деп есептейтінін" айтты. Ол арнайы құрылған комиссия сонда жүргенін хабарлады.
Комиссия жетекшісі, аудан әкімінің орынбасары Айдын Шалкеновтің сөзінше, Алакөлге құйып жатқан құбыр суы - биылғы маусымда алғаш жұмыс істей бастаған "Көктем гранд" демалыс үйінің алдындағы балалар бассейнінің суы.
- Бұл - көлдің таза суы. Алакөлдің суын бассейнге пайдаланып, қайтадан өзіне құяды. Оған химикат қосылмайды. Суды шамамен жетісіне бір рет ауыстырады. Демалыс үйінің артында канализация суы құйылатын мың текше метрлік септик тұрғанын көрдік. Қазір санитарлық эпидемиологиялық станция мамандары суды тексереді. Қорытындысы жайлы тағы ақпарат береміз. Ластанғаны анықталса, жаптырып, септик жасаттырамыз, - деді ол.
Алакөл – Қазақстанның Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан тұйық көл, туризм аймағы. Жазғы маусымда Алакөлде демалушылар күрт көбейеді.
ПІКІРЛЕР