Accessibility links

Семейдегі акцияда Жәкішевті түрмеден босатуды талап етті


Белсенді Әлия Исенова №2 қалалық соттың алдында Мұхтар Жәкішевті түрмеден босатуды талап етіп жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. Семей, 5 тамыз 2019 жыл.
Белсенді Әлия Исенова №2 қалалық соттың алдында Мұхтар Жәкішевті түрмеден босатуды талап етіп жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. Семей, 5 тамыз 2019 жыл.

5 тамызда таңертең Семей қаласында жергілікті белсенділер Кенжебек Сұлтанбеков пен Әлия Исенова қазір осы қаладағы түзеу мекемесінде сот жазасын өтеп жатқан "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті қолдап, жалғыз адамдық акция өткізді. Бұл туралы Азаттыққа Семейден белсенді Роллан Машпиев хабарлады.

Оның сөзінше, Сұлтанбеков Семей қалалық прокуратурасы алдына "Мұхтар Жәкішевке бостандық талап етемін!" деген жазуы бар, ал Исенова тұтқын Жәкішевтің мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығу туралы өтінішін қанағаттандырмаған Семей қалалық №2 соты алдына "Жәкішевке және заңсыз сотталғанғандарға бостандық" деп жазылған плакат ұстап шыққан. Белсенділер акциясы туралы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында тікелей трансляция жүргізді.

Кенжебек Сұлтанбеков пен Әлия Исенованың акциясы шамамен бір сағатқа жуық жалғасқан. "Билік өкілдері акцияны сырттай бақылап, видеоға түсіріп алғанымен ешқандай сұрақ қойған жоқ, бұл жолы ешкімді ұстамады" дейді семейлік белсенділер.

24 шілдеде Семей қалалық №2 сотының судьясы Ермек Шымыров қамаудағы Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын бостандыққа шығаруды сұраған өтінішін қанағаттандырудан бас тартқаннан кейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жергілікті белсенділер Жәкішев пен қазақстандық құқық қорғаушылар саяси тұтқындар тізіміне енгізген өзге де азаматтарға бостандық беруді талап етіп акциялар өткізген. Бұған дейін дәл осындай акцияларға шыққандарды дереу ұстап әкететін полиция бұл жолы пикетке шыққандарды ұстамай, тек сырттай бақылаумен шектелді дейді белсенділер.

Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады.

Оқи отырыңыз: Семей соты Мұхтар Жәкішевті қамаудан босатпады

Биыл 56 жасқа толған Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң "сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады" деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Оған "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айып тағылған еді. Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.

Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG