Accessibility links

Нұр-Сұлтанда белсенділер саяси тұтқындарға бостандық беруді талап етті


БҰҰ өкілдігі алдында Қазақстандағы саяси тұтқындарға бостандық талап етіп, акция өткізіп тұрған адамдар. Нұр-Сұлтан, 7 тамыз 2019 жыл.
БҰҰ өкілдігі алдында Қазақстандағы саяси тұтқындарға бостандық талап етіп, акция өткізіп тұрған адамдар. Нұр-Сұлтан, 7 тамыз 2019 жыл.

7 тамыздағы Нұр-Сұлтандағы БҰҰ өкілдігі ғимараты алдында келген бірнеше адам құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған, қазір Қазақстан түрмесінде отырған азаматтарға бостандық беруді талап етті. Олар Қазақстанда сот үкімімен жазаға тартылған және қазір тергеу ісі жүріп жатқан ондаған адамның суреттері мен "Саяси тұтқындарға бостандық" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.

- Біз өзекті мәселені - саяси астармен заңсыз ұсталған қазақстандықтар проблемасын айтуға келдік. Біздегі билік, басшылық, соттар мен ішкі істер министрлігі қызметкерлеріне сөзіміз өтпейтіндігіне көзіміз жеткен соң Қазақстандағы проблеманы, біздегі демократияның сиқын көптеген батыс ұйымдары білсін деген оймен БҰҰ кеңсесіне келуді ұйғардық, - деді акцияға қатысушылардың бірі.

БҰҰ кеңсесі алдында ациядан Азаттықтың тікелей эфирі:

БҰҰ кеңсесі алдына жиналғандар "Бостандық!" деп айғайлайды. Олар коррупция айыбы бойынша сотталып, түрмеде отырғанына 10 жылдан асқан "Қазатомөнекәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевке, 2006 жылы Алматы маңындағы "заңсыз салынған" үйлерді сүрмек болған билікке тұрғындар қарсылық танытқан Шаңырақ оқиғасынан кейін сотталған Арон Атабеккке, 2016 жылы Атырауда үкіметтің жер реформасына қарсы өткен шеруден кейін сотталған белсенді Макс Боқаевқа, "терроризмді насихаттау" және "араздық қоздыру" айбымен сотталған белсенділер Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішевке және өзге де азаматтарға бостандық беруді талап етті.

Бұға қоса акцияға қатысушылар елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының (Ақорданы сынаушы, 2009 жылдан бері шетелде тұратын бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов негізін қалаған) іс-әрекетіне қатысы бар деген күдікпен істі болып, қазір тергеу абақтысында отырған Алматы тұрғындары - көп балалы ана Оксана Шевчук, жалғызбасты аналар Жәзира Демеуова мен Гүлзипа Жаукерова, Нұр-Сұлтанда қамауда отырған Серік Жахин, Гүлмира Халықова және Ақмарал Керімбаева туралы да айтты.

Сонымен бірге Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі этникалық азшылыққа қысым жасалғаны туралы мәселені көтерген, "Атажұрт еріктілері" тіркелмеген қоғамдық ұйымының жетекшісі, қазір "араздық қоздырған" деген айыппен үстінен қылмыстық іс қозғалып, үйқамақта отырған Серікжан Біләшті қудалау доғарылсын деген талап қойды.

Соңғы апталарда Қазақстанда саяси тұтқындарға қолдау танытушылар бірнеше бейбіт митингілер мен жалғыз адамдық акциялар өткізді. Бұған дейін мұндай акцияға шыққандарды ұстап әкетіп, әкімшілік жауапқа тартып келген билік соңғы кездері оларды тек сырттай бақылаумен шектеліп жүр.

Қазақстандық құқық қорғаушылар жыл сайын саяси тұтқындар тізімін түзеді. Олар Қазақстанда билік өзгеше ойлайтындарға қысым көрсетеді деп санайды. Бұған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстанда мемлекеттік органдар қылмыстық кодекстегі мазмұны бұлыңғыр жазылған "араздық қоздыру" бабын билікке жақпаған азаматтарды қудалау үшін пайдаланады деп мәлімдеген.

Ресми Нұр-Сұлтан елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG