7 тамызда Нұр-Сұлтан тұрғыны Шолпанай Тангирова қаладағы темір жол вокзалы маңында зорлық-зомбылыққа қарсы бір адамдық пикет өткізді. Ол қолына "Зорлық – ауыр қылмыс", "Зорлық-зомбылықтың жазасын ауырлатуды талап етемін! Зорлағандарды емес, зорланғандарды қорғаңыздар! Зорлаған адам айыпты!" деген жазуы бар плакаттар ұстап шықты.
23 жастағы Шолпанай Тангирова массаж салонында жұмыс істейді. Ол 26 шілдеде Қостанай сотының "Тұлпар-Тальго" пойызында ақтөбелік әйелді зорлады деп айыпталған екі жолсерікке шығарған үкіміне наразы екенін айтты. Оның ойынша, "бұл үкім тым жұмсақ және ондай әлсіз үкім шығарған судья отставкаға кетуі тиіс".
Тангирова Қазақстан билігінен зорлық-зомбылық бабын орташа дәрежелі қылмыстан аса ауыр қылмысқа ауыстыруды да талап етті. Оның сөзінше, "билік заңдар қатайтылды дегенімен зорлыққа ұшыраған балалар да көп".
Былтыр қыркүйекте Нұр-Сұлтаннан Ақтөбеге бару үшін "Тұлпар-Тальго" пойызына мінген жолаушыны түнде купеге өз кілттерімен кірген екі жолсерік зорлаған. Кейін жәбірленуші "НеМолчиKZ" қоғамдық қорынан көмек сұраған. Ал қор жетекшісі Дина Смаилова бұл оқиға жайлы өзінің Facebook парақшасына жариялағаннан кейін көпшілік назар аударды.
26 шілдеде Қостанай соты "Тұлпар-Тальго" пойызында ақтөбелік әйелді зорлады деп айыпталған екі жолсерікке үкім шығарды. Судья Оразбай Сатыбалды айыпталушылар Жетес Үмбеталиев пен Қолғанат Құрманиязовты Қылмыстық кодекстің "Зорлық" бабы бойынша кінәлі деп танып, 2,5 және 2 жыл үш айға соттады. Мұның алдында прокурор оларды алты жылға соттауды сұраған еді. Кейін қоғамда сот шешіміне наразылық күшейіп, елдің көлік прокуратурасы сот үкіміне апелляциялық шағым түсірген.
ПІКІРЛЕР