Accessibility links

Белсенді Шоқанова "Нұр Отан" алдында бірнеше талаппен пикетке шықты


Камила Шоқанова пикетке шыққан сәт. Нұр-Сұлтан, 7 тамыз 2019 жыл.
Камила Шоқанова пикетке шыққан сәт. Нұр-Сұлтан, 7 тамыз 2019 жыл.

7 тамызда Нұр-Сұлтан тұрғыны Камила Шоқанова "Нұр Отан" партиясы ғимаратының алдына жалғыз адамдық пикетке шықты. Қолына "Менің қаруым – менің сөзім" (Мое оружие - лишь слова) деген плакат ұстаған ол әлеуметтік желіде тараған түрмедегі азаптаулар мен ұзақ жылдан бері түрмеде отырған белсенділердің жағдайын сөз етті.

Шоқанованы қолдауға, тыңдауға бірнеше тұрғын мен белсенді келді. Аздан соң «Нұр Отан» партиясы қоғамдық қабылдау бөлімі жетекшісінің орынбасары Сансызбай Арыстанғали келіп, Шоқанованы ішке шақырды. Онымен бірге сыртта жиналып тұрғандар ілесе кірді. Жалғыз адамдық пикет соңы тұрғындар мен белсенділердің "Нұр Отан" партиясы өкілдерімен жиынға ұласты.

Шоқанова биліктен қамауда отырған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының экс-басшысы Мұхтар Жәкішевті босатуды, түрмеде азаптауға тыйым салуды талап етті.

Оны қоштаған 64 жастағы қала тұрғыны Қалдыхан Қозыбаева Жәкішевті дереу босатуды талап ететінін айтты. Белсенді Әлия Жакупова биліктің митингіге шығуға рұқсат бермейтінін сынады. Тұрғындар Арыс мәселесін көтеріп, қаланы қалпына келтіруге кеткен қаржы бойынша есеп берілуі керегін айтты.

Жиналғандармен кездескен "Нұр Отан" хатшысы Әлібек Әлденей талаптарын тыңдағанын айтып, байланыс телефондарын қалдыруды сұрады. Ол талаптардың бәрін заң жолымен шешетінін жеткізді. Бірақ оған қанағаттанбаған наразылар "Нұр Отанның" зәулім ғимаратын сатып, оның қаражатын халыққа беруді ұсынды.

Бұл – 7 тамызда Нұр-Сұлтанда өткен төртінші пикет. Бұл күні бір топ белсенді Нұр-Сұлтандағы БҰҰ өкілдігі ғимараты алдында жиналып, құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған, қазір Қазақстан түрмесінде отырған азаматтарға және Мұхтар Жәкішевке бостандық беруді талап еткен. Бұдан бөлек, тағы екі тұрғын қаланың әр жерінде зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтуді талап етіп, акция өткізді. Нұр-Сұлтан уақыты бойынша түстен кейін белсенді Әлия Ізбасарова қаладағы Ресей мәдениет және ғылым орталығы алдында Мәскеудегі наразылық шарасында ұсталғандарды қолдап, акцияға шықты.

Биыл 56 жасқа толған Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң "сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады" деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Оған "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айып тағылған еді. Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.

Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр. Шілдеде Семей соты түрме жазасын шартты жазаға алмастырудан бас тартқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG