Сенбі, 10 тамызда Ресейдің бірқатар аймақтарында әділ сайлауды талап еткен акциялар өтеді. Мәскеу мен Хабаровскіде рұқсат етілген акциялар жоспарланған. Елдің ірі қалаларында бір адамдық пикеттер өтпек. Мәскеудегі шерушілерді қолдаған акциялар Владивосток, Иркутск, Новосибирск, Томск, Омбы, Кемерово қалаларында да жалғаспақ.
"Сибирь.Реалии" сайтының хабарлауынша, 10 тамызда Новосибирскіде 200-ден астам адам жиналған. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан акцияға жиналғандар "сайлауға жіберіңдер!" деп айғайлап, ұран көтерген. Владивостокта акция бейбіт өтіп жатыр - полиция шеруді тек бақылап тұр.
Мәскеуде әділ сайлауды талап еткен рұқсат етілген митинг жергілікті уақытпен 14:00-де басталады. Азаттықтың Орыс қызметі және "Настоящее время" телеарнасы оқиғадан тікелей эфирде хабар таратты:
Белсенділер бұл акцияға 100 мыңға дейін адам жиналуы мүмкін екенін айтады.
Шілде айынан бері тәуелсіз кандидаттарды Мәскеу қалалық дума сайлауына өткізбеуіне байланысты қарсылық акциялары жалғасып келеді.
Оқи отырыңыз: "Тоталитарлық режим қалдықтары". Нұр-Сұлтан мен Мәскеудің митингіге реакциясы
27 шілде және 3 тамызда өткен акцияларға билік рұқсат етпеген. Наразылық кезінде бірнеше мың адам ұсталды. Полиция шерушілерге күш қолданды. 27 шілде күнгі акциядан соң Ресейдің тергеу комитеті "жаппай тәртіпсіздік" бойынша қылмыстық іс қозғады, 14 адамға айып тағылды.
Бұған дейін Мәскеудегі шерушілерді қолдап қазақстандық екі белсенді Нұр-Сұлтан мен Алматыда акция өткізген.
Мәскеу қалалық дума сайлауы 8 қыркүйекте өтеді.
Қарай отырыңыз: Полиция шерушілерді резеңке таяқпен ұрды (Мәскеу, 3 тамыз 2019 жыл).
ПІКІРЛЕР