Қару-жарақ қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласын қалпына келтіру бюджеті – 56,1 миллиард теңге. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайлов Tengrinews.kz сайтына айтты.
Смайловтың сөзінше, Арысты жөндеуге үкімет қорынан – 27,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 20 млрд теңге, «Самұрық-Қазына» қорынан – 6 млрд теңге бөлінген. Бұдан бөлек, демеушілер мен қайырымдылық көмектен 2,6 млрд теңге жиналған.
Бұл қаржы Арыстың әр тұрғынына 100 мың теңге өтемақыны төлеуге, қаладағы үйлер мен әлеуметтік нысандарды жөндеуге, жаңа үйлер салуға жұмсалады.
4 шілдеде министр Смайлов Арысты қалпына келтіруге 34,5 миллиард теңге қажет деген еді.
2019 жылдың 24 маусымында Арыс маңындағы қару-жарақ қоймасында жарылыс болды. Жарылыстан қаладағы ғимараттардың біраз бөлігі қираған. Сол күні Арыс қаласынан 40 мыңнан астам адам жақын маңдағы елдімекендерге қашты. Жарылыстан үш адам қаза тапқан. Оның екеуі - әскери қызметкер, біреуі - бейбіт тұрғын. Жүздеген адам ауруханаға түскен. Солардың бірі 8 жасар Аян Ерболұлы 2 тамызда ауруханада көз жұмды. Арыстағы жарылыстан қашып бара жатқан оны көлік қаққан.
Арыстағы жарылыстан қашып Шымкентке барған тұрғындар қару қоймасына жақын орналасқан қалаға бармайтындарын айтып, биліктен басқа жаққа көшіруді талап еткен. Бірақ билік арыстықтардың бұл талабына құлақ аспай, тұрғындарды қалаға қайтарған. Нұр-Сұлтан Арыс қаласының маңындағы оқ-дәрі қоймасын басқа жаққа көшіруге уәде еткен.
Үкімет Арыстағы жөндеу жұмыстары 1 тамызға дейін аяқталады дегенімен қалада жұмыс әлі жалғасып жатыр. Тұрғындардың кейбірі жөндеу жұмыстарына көңілі толмайды.
8 тамызда Арысқа жөндеу жұмыстарына барған Нұр-Сұлтан тұрғыны Ермек Түтебеков жол апатынан қайтыс болды.
ПІКІРЛЕР