Accessibility links

Апелляциялық сот журналист Әсіповтің шағымын қанағаттандырды


Марат Әсіпов.
Марат Әсіпов.

13 тамызда Алматы қалалық соты Ratel.kz сайтының бұрынғы бас редакторы Марат Әсіповтің апелляциялық шағымын қанағаттандырды. Қалалық сот Медеу аудандық сотының «журналистік міндетіне шектеу қою» туралы шешімін түсіндіруден бас тартқан анықтамасын жойды.

Биыл маусымда Марат Әсіпов Алматының Медеу аудандық сотына арыз жазып, өзіне не себепті Ratel.kz атынан мақала жариялауына шектеу қойылғанын түсіндіруді сұраған. Әсіпов өзіне қойылған шектеу бір жылға ма, әлде өмір бойына ма, ол жағынан хабарсыз екенін айтқан. Медеу аудандық соты Әсіповке шектеу себебін түсіндіруден бас тартқан. Осыдан кейін журналист қалалық сотқа апелляциялық шағым түсірген. Енді қалалық соттың шешіміне сай, аудандық сот Әсіповке не үшін қызметіне шектеу қойылғанын түсіндіруі тиіс.

Алматы прокуратурасы былтыр көктемде Ratel.kz сайты мен бас редакторы Марат Әсіповке қарсы азаматтық шағымы түсірген. Прокуратура шағымға редакцияның сайтты тіркеу ережесін бұзуы себеп болғанын айтады. Прокуратура Ratel.kz порталының иесі Геннадий Бендицкий қайтыс болған соң Ratel.kz доменін пайдаланып материал жариялауды, Balborsyk.kz-ті Ratel.kz сайты меншігіне алуды заң бұзу деп біледі. Бұдан өзге, Ratel.kz интернет-ресурсы орналасқан аппарат-бағдарлама кешені шетелде орналасқан. Ratel.kz сайтын тіркеуге қою туралы куәлікте орыс тілі ғана көрсетілгенімен, мақалалар орыс, қазақ және ағылшын тілдерінде шығады.

2018 жылы мамырда Медеу аудандық соты прокуратураның шағымын қанағаттандырып, "Ratel.kz сараптамалық интернет-порталының" қызметін тоқтатып, Ratel.kz пен Balborsyk.kz домендерін пайдалануына бір жылға шектеу қойған. Сот Марат Әсіповтің БАҚ-та және Ratel.kz, Balborsyk.kz, wildratel.com, itau.kz және басқа да домендік атауларда "Ratel.kz" интернет-порталы атынан ақпараттық материалдар жариялап, таратуына да тыйым салған.

ЕҚЫҰ-ның БАҚ еркіндігі мәселелері жөніндегі өкілі Арлем Дезир өткен аптада Алматыда өткен Еуразия медиа форумында Қазақстанда "кейбір БАҚ-ты қудалауда Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы қолданылып отырғанын айтып" бұған Ratel.kz пен Forbes Kazakhstan журналын мысалға келтірген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG