Accessibility links

Кабулдағы жарылыстан 63 адам қаза тапқан


Кабул қаласы. Көрнекі сурет.
Кабул қаласы. Көрнекі сурет.

Ауғанстан астанасында 17 тамызда үйлену тойы өтіп жатқан жерде жанкешті жасаған шабуыл салдарынан 63 адам қаза тауып, 182 адам жараланған. Бұл туралы ауған ресмилері хабарлады.

Ішкі істер министрлігі өкілі Насрат Рахими жарылыс үйлену тойы кезінде ер адамдар отырған тұста болғанын хабарлаған. Оның сөзінше, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында балалар мен әйелдер бар.

Оқиға куәгерінің АР агенттігіне айтуынша, мыңнан астам адам қатысқан тойда сахнаға балалар жиналған кезде жарылыс болған.

"Талибан" қозғалысы биылғы жыл басынан бері Кабулдағы ең жойқын шабуылға қатысы барын жоққа шығарды. Бұл жарылыс Вашингтон Ауғанстандағы 18 жылға жуық уақыт жалғасып жатқан қарулы жанжалды доғаратын бейбіт бітімге келу туралы Талибан өкілдерімен келіссөз жүргізіп жатқан шақта жасалды.

DPA ақпарат агенттігі "Талибанның" ресми өкілі Забихулла Мұджахидтің жарылысты айыптаған сөзі WhatsApp арқылы таратылғанын хабарлады.

АҚШ пен "Талибан" өкілдері арасында бітім жайлы бейбіт келіссөздер жүріп жатқанына қарамастан Ауғанстанда көп адамның ажалына себеп болған шабуылдар бәсеңдемей отыр. БҰҰ мәліметі бойынша, биылғы жылдың алғашқы жартысында елде шабуылдар салдарынан қаза болған немесе жараланған адам саны 3800-ге жеткен.

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани жексенбі күні Twitter-дегі парақшасына "Талибан" терроршыларға "жағдай туғызып" отырғаны үшін жауапкершіліктен тайқып кете алмайды деп жазған.

16 тамызда Ауғанстанмен көрші Пәкістанда мешітте болған жарылыс салдарынан ауған тәліптері жетекшілерінің бірінің бауыры мерт болған. Ол жарылысқа жауапкершілікті ешкім алған жоқ.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG