Қостанай қаласының №2 соты "Қазақстан темір жолы – жүк тасымалы" компаниясының жергілікті филиалының үш қызметкерін жемқорлық қылмысына айыпты деп танып, бас бостандығынан айырды. Сот үкімі 20 тамызда шықты деп хабарлайды Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сот үкімінде "Қазақстан темір жолы – жүк тасымалы" акционерлік қоғамының Қостанайдағы филиалының директоры Берік Қайдаров, оның логистика бойынша орынбасары Нұрбол Құрманалинов пен "Қостанай" станциясы бастығының орынбасары Арман Алматовтың өзара сыбайласып, 2018 жылдың қарашасынан 2019 жылғы ақпанның 1-іне дейін жүк жөнелтуші және жүк қабылдаушылардан бірнеше рет ақшалай пара алып келгені айтылған. Іс материалдары бойынша, қылмыстық топ параны жүкті тезірек жөнелту және қабылдап алуға септескені үшін алып отырған.
Сот тыңдауы барысында үш айыпталушы кінәларын мойындайтыны туралы прокурормен процестік келісім жасалған. Сот үкімімен Қайдаровқа - алты жыл, Құрманалинов пен Алматовқа - төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Үшеуі де өмір бойына мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сотталғандар жазасын қоныс колониясында өтейтін болады. Сот үкімі күшіне әлі енген жоқ.
Қазақстан билігі сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы жеке заң мен түрлі бағдарлама қабылдап, "парақорлықпен пәрменді күрес жүргізіп жатқаны" туралы жиі мәлімдеп келеді. Билік елде жемқорлықпен күрес бағдарламалары жүзеге асып жатқаны туралы үнемі айтады.
Берлинде орналасқан Transparency International халықаралық ұйымының биыл қаңтарда жариялаған Жемқорлық индексінде (CPI) Қазақстан 124-орында тұр.
ПІКІРЛЕР