Шымкент әкімдігі 25 тамыз күні қалада Қазақстан азаматтарының бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер мен пикеттер ұйымдастыру және өткізу құқығын іске асыру, сонымен бірге халықтың әлеуметтік жағдайы мен құқық қорғау органдарының қызметі тақырыбында митинг өткізуге рұқсат етпеді. Бұл туралы 23 тамызда белсенді Нұржан Мұхаммедов Азаттыққа хабарлады.
Ол жергілікті белсенділер Дәулет Пралиев пен Ерғали Құлбаев үшеуі бірлесіп жазған митинг туралы өтінішін тамыз айында қала әкімдігі осымен екінші рет қанағаттандырмай тастағанын айтады. Мұхаммедовтің сөзінше, бұған дейін жергілікті билік оларға 18 тамызда митинг өткізуге рұқсат бермей қойған соң үш белсенді акцияны 25 тамызда өткізгісі келетіндерін айтып, Шымкент әкімі Ерлан Айтахановқа өтініш тапсырған.
Екі жолы да әкімдік белсенділер митинг өткізетін орын ретінде көрсеткен Шымкенттегі Абай саябағы, орталық саябақ, Ордабасы алаңы немесе Наурыз алаңдарында "кейбірінде жөндеу жұмыстары, өзгелерінде басқа шаралар өткізу алдын ала жоспарланғанын" алға тартып, рұқсат беруден бас тартқан.
- Әкімдік Абай саябағы мен Наурыз алаңында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр деді. Ордабасы алаңы мен орталық саябақта іс-шара өтетінін хабарлады, - дейді шымкенттік белсенді.
Нұржан Мұхаммедов осыған дейін Шымкентте бірнеше рет үкіметке қарсы рұқсат етілмеген акциялар өткізіп, жауапқа тартылған.
Қазақстан Конституциясында азаматтардың бейбіт шеру, жиын, пикеттер мен демонстрациялар өткізуге құқылы екені жазылған. Бірақ, Қазақстан заңына сай, азаматтар ол үшін жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс. Билік өзі рұқсат берген митингіні ғана заңды деп есептейді. Белсенділер мен құқық қорғаушылар әдетте "билікке сын айтылуы ықтимал митингілерге рұқсат берілмейді" дейді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жиын өткізетін орынға рұқсат алу қиын
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маусымда батыс басылымдарына берген сұхбатында азаматтардың бейбіт митингіге шығуына мүмкіндік беретін жаңа заң қабылданатыны туралы айтқан. Бұдан соң маусымның соңында Алматы мен Нұр-Сұлтанда белсенділер ұйымдастырған екі митинг биліктің келісімімен өтті.
ПІКІРЛЕР