Accessibility links

Арыстағы жарылыс: Әскери бөлімшенің командирі мен орынбасары ұсталды


Арыстағы қару-қоймасының жарылыстан кейінгі көрінісі.
Арыстағы қару-қоймасының жарылыстан кейінгі көрінісі.

Арыстағы қару-жарақ қоймасындағы жарылысқа қатысты қаладағы әскери бөлімнің командирі мен оның орынбасары қамауға алынды. Бұл туралы 23 тамызда Қазақстан ішкі істер министрлігі хабарлады.

Арыстағы қару-жарақ қоймасы қаладағы әскери бөлімшенің базасында орналасқан. Бөлімше командирінің орынбасары оқ-дәрі қоймасын да басқарған.

Ұсталған екі әскери Қылмыстық кодекстің «Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу» және «Қызметке салғырт қарау» баптарымен күдікке ілінген. 23 тамызда Арыс соты оларды екі айға қамауға алған.

2019 жылдың 24 маусымында Арыс маңындағы қару-жарақ қоймасында жарылыс болды. Жарылыстан қаладағы ғимараттардың біраз бөлігі қираған. Сол күні Арыс қаласынан 40 мыңнан астам адам жақын маңдағы елдімекендерге қашты. Жарылыстан үш адам қаза тапқан. Оның екеуі - әскери қызметкер, біреуі - бейбіт тұрғын. Жүздеген адам ауруханаға түскен. Солардың бірі 8 жасар Аян Ерболұлы 2 тамызда ауруханада көз жұмды. Арыстағы жарылыстан қашып бара жатқан оны көлік қаққан.

Үкімет Арыстағы жөндеу жұмыстары 1 тамызға дейін аяқталады дегенімен қалада жұмыс әлі жалғасып жатыр. Тұрғындардың кейбірі жөндеу жұмыстарына көңілі толмайды. 8 тамызда Арысқа жөндеу жұмыстарына барған Нұр-Сұлтан тұрғыны Ермек Түтебеков жол апатынан қайтыс болды.

Әскери қойма: Жарылысқа дейін және кейін​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG