Accessibility links

Аштық жариялаған белсенділерді қамауға алып, айыппұл салды


Белсенділер Дулат Ағәділ, Әлия Жакупова мен Назым Серікпекова әкімшілік сотта отыр. Нұр-Сұлтан, 25 тамыз 2019 жыл.
Белсенділер Дулат Ағәділ, Әлия Жакупова мен Назым Серікпекова әкімшілік сотта отыр. Нұр-Сұлтан, 25 тамыз 2019 жыл.

24 тамызда Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты полиция департаментінен үш ай бұрын тәркіленген заттарын қайтаруды талап етіп аштық жариялаған белсенділерді жауапқа тартты. Үш адамды 5-20 тәулікке қамап, тағы үшеуіне айыппұл салды.

"ЗАҢСЫЗ ШЕРУГЕ ҚАТЫСУ", "ПОЛИЦИЯҒА БАҒЫНБАУ"

Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотта белсенділердің ісін қарау тамыздың 24-і күні күндіз басталып, жексенбі күнгі таңертеңгі сағат 5-ке дейін созылды. Ерлан Файзуллин, Ербол Есхожин, Назым Серікпекова, Әлия Жакупова, Дулат Ағәділ мен Бибігүл Тұяқованың істері бойынша сот процестері қатар жүргендіктен олардың құқығын қорғаған адвокаттар Төлеген Шаиков пен Данияр Ахтановқа бір залынан екіншісіне жүгіруге тура келді.

Белсенділерге "шеру өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 488-бабы) және "полицияға бағынбады" (667-бап] деген айыптар тағылды. Сот әр бап бойынша істі бөлек қарағандықтан, бір адамға қатысты екі бөлек сот өтті. Түн ішінде өткен сот отырыстарында белсенділердің ісін судьялар Әділбек Дүйсебаев пен Алуа Байболатова қарады. Іске мемлекеттік айыптаушылар ретінде Жасұлан Жүсіпбеков пен Аян Қоңырбаев қатысты.

Белсенді Ербол Есқожин (ортада) мен адвокат Төлеген Шаиков әкімшілік сот залында. Нұр-Сұлтан, 25 тамыз 2019 жыл.
Белсенді Ербол Есқожин (ортада) мен адвокат Төлеген Шаиков әкімшілік сот залында. Нұр-Сұлтан, 25 тамыз 2019 жыл.

Сот шешімі бойынша, "заңсыз митингіге қатысты" және "полицияға бағынбады" деп айыпталған Ербол Есхожин 15 тәулікке, ал Дулат Ағәділ "полицияға бағынбағаны" үшін 5 тәулікке қамалды. Ал аштық акциясына қатысушыларды қолдауға барған Нұр-Сұлтан тұрғыны Ерлан Файзуллинді сот "рұқсат етілмеген шеруге қатысты" және "полицияға бағынбағаны" үшін айыпты деп танып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алды. Сот шешімі шыққан соң үшеуін бірден алып кетті.

Таңға жақын аяқталған сот шешімімен Әлия Жакупова мен Назым Серікпекова "заңсыз митингіге қатысқаны" және "полицияға бағынбағаны" үшін айыпты деп танылып, әрқайсысына 40 айлық есептік көрсеткішке тең (262 доллар), ал Бибігүл Тұяқоваға 90 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (589 доллар) айыппұл салынды.

СОТ ҒИМАРАТЫНАН КҮШТЕП ШЫҒАРУ

Әкімшілік сот залы мен ғимаратын полицияның арнайы жасағы (СОБР) күзетіп тұрды. Сотқа Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полковник Бақытжан Малыбаев пен департаменттің басқарма бастығы подполковник Госман Жахин де келді.

Адвокат Данияр Ахтанов (сол жақта) пен Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полковник Бақытжан Малыбаев белсенділер ісі қаралып жатқан әкімшілік сотта. Нұр-Сұлтан, 25 тамыз 2019 жыл.
Адвокат Данияр Ахтанов (сол жақта) пен Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полковник Бақытжан Малыбаев белсенділер ісі қаралып жатқан әкімшілік сотта. Нұр-Сұлтан, 25 тамыз 2019 жыл.

Жауапқа тартылып жатқан азаматтарға қолдау білдіруге ондаған жергілікті белсенді мен қала тұрғындары жиналған болатын. Жексенбі күні таңғы сағат 3-тен өткенде полицияның арнайы жасағы оларды күштеп, сот залынан далаға шығарып жіберді. Олардың арасында 76 жастағы Раиса Дүйсембаеваның жағдайы нашарлап, оған жедел жәрдем шақыртылып, көмек көрсетілді.

Прокурор Аян Қоңырбаевтың бұйрығы бойынша арнайы жасақ осы соттан репортаж жасауға барған Азаттық тілшісін сот ғимараты қақпасынан күштеп шығарды.

АДВОКАТТЫҢ УӘЖІ ЕСКЕРІЛМЕДІ

Белсенділерді қолдауға келгендерді сыртқа шығарғаннан кейін сот процестері жылдам бітті. Оларға тек прокурор мен судья, айыпталушылар мен олардың кейбірінің адвокаттары ғана қатысты.

"Полицияға бағынбаған" деген айыппен жауапқа тартылған Әлия Жакупова мен Ербол Есхожиннің ісі бойынша өткен екінші сот процесі адвокатсыз өтті. Олардың құқығын қорғаған Төлеген Шаиков түнгі сотты "адамдарға көрсетілген қысым" деп бағалайтынын, "Әлия Жакупованың қан қысым көтерілгеніне қарамастан сотты жалғастырып, судья істі айыптау бағытында жүргізіп отырғанын" айтып сотқа сенімсіздік білдірді. Адвокат соттың қашан жалғасатынын өзіне СМС арқылы хабарлама жолдауды сұрап кетіп қалды. Бұдан соң сот адвокатсыз жалғасты.

Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Алуа Байболатова. Нұр-Сұлтан, 25 тамыз 2019 жыл.
Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Алуа Байболатова. Нұр-Сұлтан, 25 тамыз 2019 жыл.

Таңға дейін созылған процесс кезінде Әлия Жакупованың денсаулығы сыр беріп, жедел жәрдем шақыртылып, көмек көрсетілді. Ол сотта трибунаға сүйеніп әзер тұрды және сотта жауап беруден бас тартты. Ал Назым Серікпекованың ісі қаралған кезде сенбіден бастап аштық жариялап, қатты қалжыраған белсенді сот залындағы орындықтан тұра алмады.

Прокурор Жасұлан Жүсіпбеков Дулат Ағәділді құқық бұзғанына "дәлел табылмағандықтан" ақтауды сұрағанымен судья Әділбек Дүйсебаев "істі зерттеу" қажеттігін айтты. Кейін белсендінің айыбын дәлелдеу үшін полиция қызметкерлері екі куәгерді жеткізді. Бірақ екеуінің де жеке куәліктері жоқ боп шықты. Біреуі жүргізуші куәлігін көрсеткеннен кейін сотқа куәгер ретінде қатыстырылғанымен ешқандай сұраққа жауап бере алмады.

Сот процестері барысында адвокат Данияр Ахтанов судья Алуа Байболатова мен прокурор Аян Қоңырбаевқа бірнеше мәрте сенімсіздік білдіргенімен, оның өтініштері қанағаттандырылмады. Судья Байболатова "өзінің де шаршап отырғанын, бірақ әкімшілік іс дереу қаралуға жататынын" алға тартты. Ал прокурор Қоңырбаев адвокатты "істі әдейі созып отыр" деп айыптады.

Прокурор Аян Қоңырбаев. Нұр-Сұлтан, 25 тамыз 2019 жыл.
Прокурор Аян Қоңырбаев. Нұр-Сұлтан, 25 тамыз 2019 жыл.

Адвокат Данияр Ахтанов "істің тек айыптау бағытында жүргенін, өзінің келтірген уәждерін судьяның тыңдамағанын, сотқа сенімсіздік білдіргеннен кейін судьяның істі қарауды жалғастыруға хақы жоқ екенін" айтқанымен оның талабын елемеді.

БЕЛСЕНДІЛЕР ТАЛАБЫ

Тамыздың 23-і күні Әлия Жакупова, Ербол Есхожин мен Назым Серікпекова Нұр-Сұлтан қаласы полициясынан өздерінен маусымның 7-сінде тәркіленген ноутбуктері мен телефондарын, флеш-карталарын қайтаруды талап етіп аштық жариялаған. Ербол Есхожин мүліктерін қайтаруды сұрап полицияға және прокуратураға бірнеше мәрте жасаған шағымы нәтиже бермеген соң осындай әрекетке баруға мәжбүр болғанын айтқан еді.

Полиция алып кеткен заттарын қайтаруды талап етіп Нұр-Сұлтан полиция департаментінің алдында отырған белсенділер. 24 тамыз 2019 жыл.
Полиция алып кеткен заттарын қайтаруды талап етіп Нұр-Сұлтан полиция департаментінің алдында отырған белсенділер. 24 тамыз 2019 жыл.

Аштық акциясын жариялап, полиция департаментінің қасында түнеген наразыларды таңертең полиция өкілдері қайтаруға тырысты. Бірақ олар билік органдары өздерінен тартып алған заттарын қайтарып бермейінше ешқайда бармайтындарын мәлімдеді. Бұдан соң полицияның арнайы жасағы оларды әкімшілік сотқа алып кетті.

Ербол Есхожиннің үш баласы бар. Ол мамырдың 1-і күні Нұр-Сұлтанда билікке наразылық шеруіне қатысып ұсталған. Сот оны "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" деп айыптап, он тәулікке қамаған. Кейін маусымның басында полиция оның үйін тінтіп, жеке заттарын әкеткен. Билікке түрлі талап қойып жүрген Әлия Жакупова мен Назым Серікпекованың үйіне де маусымның 8-і күні полиция тінту жүргізген.

Белсенділер Әлия Жакупова мен Бибігүл Тұяқова - жалғыз басты аналар. Сот бұған дейін де оларды әкімшілік жазаға тартып 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салған.

Дулат Ағәділ бұған дейін полициядан жапа шеккені туралы Азаттыққа айтқан еді. Оны дәрігерлер тексеріп, иығы шығып кеткенін анықтаған. Ағәділ полицияның заңсыз әрекетіне шағым айтып және билік өкілдері тартып алған телефонын қайтарып беруді талап етіп маусымның 9-ы мен 17-і күндері бас прокуратура мен Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасына шағымданғанымен әлі күнге нәтиже болмағанын айтады.

Әкімшілік жазаға тартылған белсенділер Нұр-Сұлтан қаласында құқық қорғаушылар "саяси тұтқындар" деп таныған азаматтарды босатуды талап етіп тамыздың 4-інен бері наразылық акцияларын өткізді. Белсенділер мұндай акцияны Ақмол ауданындағы АЛЖИР саяси қуғын-сүргін музейі алдында, Нұр-Сұлтандағы БҰҰ кеңсесі мен Еуропа мемлекеттерінің елшіліктері орналасқан ғимараттың алдында, АҚШ елшілігі мен Хазірет Сұлтан мешіті алдында өткізген.

Қазақстандық құқық қорғаушылар жыл сайын саяси тұтқындар тізімін жасап келеді. Бұған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстан билігі қылмыстық кодекстегі мазмұны бұлыңғыр жазылған "араздық қоздыру" бабын өзіне жақпаған азаматтарды қудалау үшін пайдаланады деп мәлімдеген. Ресми Нұр-Сұлтан елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады.

Қазақстандық құқық қорғаушылар кеңесі тамыздың 21-і күні түрлі қылмыстық іс бойынша қамауда отырған тағы сегіз белсендіні "саяси тұтқындар" қатарына қосты. Құқық қорғаушылар кеңесінің мүшесі Евгений Жовтис соңғы жылдары Қазақстанда көзқарасы, пікірі мен белсенділігі үшін түрмеге қамалғандардың саны артқанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG