"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының жетекшісі Тамара Калеева "Жала жабу бабымен айыпталғандарға кесілетін жазаны қатаңдату Қазақстан алған халықаралық міндеттемелерге қайшы" дейді. Калееваның мәлімдемесін бүгін, 26 тамызда ҚазТАГ ақпарат агенттігі жариялады.
"Әділ сөз" қорының жетекшісі мұндай мәлемдемені 21 тамызда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі басқаратын "Нұр Отан" партиясының отырысында айтқан сөзінен соң жасады. Назарбаев "Қазақстанда билігінің жұмысына жала жапқандарды жазалауды күшейту керегін" айтып, ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевқа тапсырма берген. 23 тамызда Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз жиынында Абаев "жала жапқандарға қатаң жаза кесу басқа елдерде де бар тәжірибе бар екенін, министрліктің арнаулы жұмыс тобы бұл мәселені қарастырып жатқанын" айтты.
Калеева Назарбаевтың партия жиынында айтқан сөздерін "Бас прокуратура мен мәжіліс жүзеге асырмайды деп үміттенеді".
"Азаматтық және саяси құқық бойынша халықаралық пактіге сәйкес, Қазақстан орындауы тиіс талаптар бар. Арнаулы заң шығарып, жала жабуға жазаны күшейту тәжірибесі Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше бірде-бір елде жоқ" дейді қор жетекшісі. Калееваның сөзінше, БҰҰ-ның Қазақстанға жіберген ұсыныстарының ішінде жала жабуды қалмыстар қатарынан алып тастау да айтылғанымен, Нұр-Сұлтан бұған "құлақ аспаған". "Әділ сөз" жетекшісі "Жала жабу бабының қылмыстық кодексте болуы сөз бостандығына кедергі" дейді.
"Бұл бапты Қылмыстық кодексте қалдырып, бірақ айыпты деп танылғандарға бостандығынан айырудан өзге жаза кесілсе деген ұсыныс та бар. Бұл туралы Халықаралық пактіде де айтылған. Әлдекімді масқаралайтын ақпарат таратқаны үшін адамды бостандығынан айыруды заңға сай жаза деп тануға болмайды. Бұл ой еркіндігін, сөз бостандығын шектейді" дейді Калеева.
ҚазТАГ-қа берген сұхбатында "Әділ сөз" жетекшісі жала жабу бабымен қозғалған істерге қатысты Бас прокуратураның ресми дерегін келтіреді. Оның сөзінше, 2016-2017 жылдары жала жабу бабымен 2 мыңға жуақ адамның үстінен 1314 сот өткен. "Сот үкімдеріне қарағанда, 93 адам жала жапқан деп танылған. Бас прокуратураның жала жабудан қауіп төніп тұр деуі негізсіз" дейді қор жетекшісі.
Қазақстан заңында "жала жабу" және "көрiнеу жалған ақпарат тарату" қылмыс болып саналатыны жазылған. Құқық қорғаушылар Қазақстан билігінің Қылмыстық кодекстегі мазмұны бұлыңғыр жазылған осы бапты өзі жақтырмайтын адамдарды қудалауға жиі қолданатынын айтады. Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін Қылмыстық кодекстен "жала жабу" бабын алып тастауға бірнеше рет шақырған.
Соңғы жылдары Қазақстанда ондаған азаматтық белсенді, журналистер, блогерлер мен түрлі діни қауым өкілдері Қылмыстық кодекстің 174, 274 және 130-баптары ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру", "Көрінеу жалған ақпарат тарату", және "Жала жабу") бойынша айыпты деп танылып, сотталған.
ПІКІРЛЕР