Бүгін, 28 тамызда Алматының Медеу аудандық соты Ratel.kz интернет-порталының бұрынғы бас редакторы Марат Әсіповтің жыл бұрын сот жапқан сайтына қатысты шешімді түсіндіруді сұраған шағымын қанағаттандырды. Сот кезінде Әсіпов "былтыр сот Ratel.kz жұмысына қанша уақытқа тыйым салғаны түсініксіз болды. Менің қызметіме де қанша уақытқа шектеу қойылғаны белгісіз қалды" деді.
Сот отырысы кезінде былтырғы шешімді түсіндірген судья Ержан Шыңғысов Ratel.kz-ке салынған "бір жылдық тыйымның күші жойылған соң, 23 қазаннан бастап жұмыс істеуге болатынын" айтты. Судья сөзінше, Әсіповтің қызметіне салынған тыйымның күші де сол кезде, 23 қазанда жойылады. Бүгінгі отырыста сот шешімнің қорытындысын ғана оқыды.
Бұл сот 13 тамызда Алматы қалалық соты Әсіповтің апелляциялық шағымын қанағаттандырып, Медеу аудандық сотының "журналистік міндетіне шектеу қою" туралы шешімін түсіндіруден бас тартқан анықтамасын жойған соң өткен. Қалалық сот аудандық сотты Әсіповке не үшін қызметіне шектеу қойылғанын түсіндіруге міндеттеген еді.
2018 жылы мамырда Медеу аудандық соты прокуратураның шағымын қанағаттандырып, "Ratel.kz сараптамалық интернет-порталының" қызметін тоқтатып, Ratel.kz пен Balborsyk.kz домендерін пайдалануына бір жылға шектеу қойған. Сот Марат Әсіповтің БАҚ-та және Ratel.kz, Balborsyk.kz, wildratel.com, itau.kz және басқа да домендік атауларда "Ratel.kz" интернет-порталы атынан ақпараттық материалдар жариялап, таратуына да тыйым салған.
ЕҚЫҰ-ның БАҚ еркіндігі мәселелері жөніндегі өкілі Арлем Дезир өткен аптада Алматыда өткен Еуразия медиа форумында Қазақстанда "кейбір БАҚ-ты қудалауда Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы қолданылып отырғанын айтып" бұған Ratel.kz пен Forbes Kazakhstan журналын мысалға келтірген.
ПІКІРЛЕР