Accessibility links

Орамал дауы талқыланған жиыннан нәтиже шықпады


Жаңа оқу жылы қарсаңында Ақтөбеде орамал дауы қайта көтерілді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:10 0:00

Жаңа оқу жылы қарсаңында Ақтөбеде орамал дауы қайта көтерілді. Оқушы қыздары орамал тартатын ондаған ата-ана облыс әкімдігіне барып, Конституциядағы құқықтарының бұзылып жатқанын айтты. Олар қыздарын қыркүйектен бастап мектепке орамалмен кіргізуді талап етті.

Оқушы қыздардың мектепте орамал тағу мәселесі талқылаған жиынға Ақтөбе облысының әр аймағынан 15 ата-ана келді. Олардың уәжін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов, Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова мен Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұрдалиев тыңдады.

АТА-АНАЛАР УӘЖІ

Облыс әкімдігіне келген Ақтөбе қаласының тұрғыны Ғалия Әминованың биыл 8-сыныпқа баратын қызы өткен оқу жылында «мектепте орамалын шешіп, сабақтан тыс уақытта орамалын тағып жүрген». Ол қызы «діни көзқарасына бола қысым көріп жүр» деп санайды.

- Қызым орамалды өз ықтиярымен емес, қысым көрсетілгендіктен, мәжбүрліктен шешті. Биыл өзіне қолайсыз ортада білім алғысы келмейтінін айтып, мектепке барудан бас тартты. Жалғызбасты ана болсам да, қызымды ақылы мектепке ауыстырдым. Ақылы мектептегі ай сайынғы төлем – 45 мың теңге (116 доллар). Бұл – жалақымның тең жартысы. Маған қазір жасөспірім қызымның психикасы қымбат. Былтыр біздің сөзімізге ешкім құлақ аспады. Қызым жыл бойы мектепке орамалсыз ғана емес, бантиксіз де барды. Қарсылығымызды осылайша көрсеттік. Бірақ оның бантик тақпағанына мұғалімдер көз жұма қарады. Олар үшін ең бастысы – бала орамалсыз келсе болғаны, – дейді ол.

Тұрғындардың бірі орамал дауы талқыланған жиында сөйлеп тұр. Ғалия Әминова (сол жақтан санағанда үшінші) жиында отыр. Ақтөбе, 29 тамыз 2019 жыл.
Тұрғындардың бірі орамал дауы талқыланған жиында сөйлеп тұр. Ғалия Әминова (сол жақтан санағанда үшінші) жиында отыр. Ақтөбе, 29 тамыз 2019 жыл.

Наразылығын айту үшін Ақтөбе қаласына Темір ауданы Шұбарши ауылынан келген Ержан Бегімбетов те жаңа оқу жылы жақындаған сайын мазасы қаша бастағанын айтады. Оның үлкен қызы биыл 7-сыныпқа, кішісі 5-сыныпқа баруы керек. Көңілі алаң әке қыздарының мектепке барғанын қалайды.

Ал жиынға келген тағы Ақтөбе қаласының тұрғыны Берік Сүлекенов "Білім және ғылым министрлігінің бірыңғай мектеп формасы туралы №26 бұйрығы Конституцияға қайшы. Конституцияда азаматтарды діни, нәсілдік ерекшеліктері үшін кемсітуге болмайды делінген. Бірақ біздің қарындастарымыздың, қыздарымыздың құқығы бұзылып жатыр. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Демек ата заң бәрінен жоғары болуы керек. Президенттің өзі ата заңға қолын қойып ант етті. Ата заңды бұзатындай ешкімнің құқығы жоқ" деді.

Әкімдікте орамал дауын талқыланған жиын. Ақтөбе, 29 тамыз 2019 жыл.
Әкімдікте орамал дауын талқыланған жиын. Ақтөбе, 29 тамыз 2019 жыл.

Үлкен қызы Ақтөбедегі №23 мектепте оқыған Гүлжан Сәбенованың сөзінше, орамал дауы туындағаннан кейін 7-сыныптағы қызы Мәскеудің онлайн мектебіне ауысуға мәжбүр болған.

- Әкімдікке келгендегі талабымыз – ақ кимешегімізді мектеп формасына енгізсін. Орамалын шешкісі келмеген балалар ақы төлеп оқуға мәжбүр. Егер кимешек мектеп формасына енгізілмейтін болса, ақылы оқудың шығынын мемлекет өз мойнына алсын! - деді Гүлжан Сәбенова.

ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?

Ата-аналар талабын тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов «ешбір әкім білім және ғылым министрлігінің ережесін өзгерте алмайтынын» айтты.

- Талап бәрімізге ортақ. Азғантай оқушы үшін талап өзгерер болса, ертең әркім ойына келгенін істейді. Сондықтан оқушылар мектеп формасын сақтауға міндетті, - деді ол.

Наразы топ әкім орынбасарының сөзіне құлақ аспады. Мамандығы тарихшы екенін айтқан Тоғжанов ата-аналарға «қазақтың дәстүрінде қыз бала орамал тартпағанын» айтты.

- Қазақтың дәстүрінде орамалды келіндер тартады. Кішкентай қыздардың басында үкілі тақиялары болған. Қыз баланың тұрмыста екенінің көрінісі де осы – орамал. Қаласаңыздар балаларыңыз орамалды мектептен тыс жерде тартсын. Ал мектепке арнайы формамен келуі керек, – деді Марат Тоқжанов.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов пен тұрғын Гүлжан Сәбенова (сол жақта) орамал дауы талқыланған жиында отыр. Ақтөбе, 29 тамыз 2019 жыл.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов пен тұрғын Гүлжан Сәбенова (сол жақта) орамал дауы талқыланған жиында отыр. Ақтөбе, 29 тамыз 2019 жыл.

Ата-аналар шенеуніктің бұл сөзіне де көне қойған жоқ. Жиналысқа қатысқан Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова пен Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұрдалиев наразы топқа ешқандай уәж айтпады.

Наразы ата-аналардың алғашқы легі облыс әкімдігіне таңғы сағат тоғыздан өте жинала бастаған. Билік өкілдерімен пікір таластырып, әкімдікте түске дейін отырды. Бірақ тараптар ортақ мәмілеге келе алмады. Наразы топ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдайтын болып тарасты.

«11 ОҚУШЫ МӘСКЕУДЕГІ ОНЛАЙН МЕКТЕПТЕ ОҚИДЫ»

Ақтөбе облыстық білім басқармасының дерегінше, 2018 жылы қаңтар айында облыс мектептеріне 340 оқушы орамалмен келіп жүрген. Оның 13-і кейін Алматы облысындағы мектептерге ауысып кеткен. Орамал тағатын 11 оқушы былтырдан бері Мәскеудегі онлайн мектептерден білім алып жатыр.

- Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде оқушы қыздар мектеп формасын сақтай бастады. Мектеп формасын сақтамай, жыл бойы сабаққа қатыспаған жеті бала сыныптан сыныпқа көшпеді. Оның алтауы – Ақтөбедегі №31 мектептің оқушысы, біреуі №60 мектеп оқиды, - дейді білім басқармасы басшының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

№31 мектепте сыныптан сыныпқа көшпей қалған алты оқушының арасында Ақтөбе тұрғыны Нұралы Шақкөзовтің үш қызы бар. Ол мектеп әкімшілігі мен білім басқармасының үстінен Жоғарғы сотқа дейін шағымданғанын айтады.

- Кассациялық сот алқасының жауабын қолыма шілде айында алдым. Жоғарғы сот та қалалық, облыстық сот секілді мектептің талабы заңды деп отыр. Енді халықаралық ұйымдарға шағымданамын. Қазір сол үшін құжат әзірлеп жатырмыз, - дейді Нұралы Шақкөзов Азаттыққа.

ОРАМАЛ ДАУЫ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

2016 жылы қаңтарда білім және ғылым министрлігі бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрықты қабылдады. Бұл ереже Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы кейбір мектеп пен ата-аналар арасындағы дау-дамайға себепші болды.

Қабылданған ережеге сай, мектеп оқушылары пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек. Мектеп формасына қатысты бұл талаптарды меншік нысанына қарамастан елдегі жалпы білім беру мекемелерінің барлығы бірдей орындауға міндетті.

Оқи отырыңыз: Хиджаб дауы

Бұл бұйрыққа Оңтүстік Қазақстан облысы, Ақтөбе облысы, Түркістан облысы, Батыс Қазақстан облысының ата-аналары қарсы шықты. Қыздары орамал тағатын ата-аналар балаларын мектепке жібермеді. Ал директорлар сабаққа орамалмен келген қыздарды мектепке кіргізбеді. Кейін қыздарын мектепке жібермеген бірнеше ата-анаға сот шешімімен айыппұл салынды. Бұйрыққа қарсы ата-аналардың көбі «қыздарының тағатыны хиджаб емес, қазақтың дәстүріне сай кимешек» екенін алға тартады. Айыппұл мен биліктің талабына қарамастан кейбір ата-аналар бұйрықты орындап отырған жоқ.

Мектеп пен басқа да оқу орындарында хиджаб пен өзге де діни киім түрлерін киюге қатысты түпкілікті шешім билік діни экстремизм проблемасына алаңдай бастаған кезде қабылданды. Қазақстан билігінің ұстанымы – "мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды". Ал ел конституциясы бойынша "демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет" деп сипатталады. Елдегі ең жоғарғы құндылық адам мен оның өмірі, құқығы және еркіндігі екені жазылған. Конституция азаматтардың діни наным-сенім бостандығына да кепіл береді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) исламда шариғат талабы бойынша ата-анасы кәмелеттік жасқа толмаған қызына орамал таққызып, жалпыға ортақ білім алуына тыйым салмауы тиіс екенін айтады. Діни басқарма орамалға қатысты 2013 жылы пәтуа шығарған. ҚМДБ ата-аналарды қыз баланың міндетті зайырлы білім алуына көбірек көңіл бөлуге шақырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG