Accessibility links

Конституция күніне байланысты Нұр-Сұлтанда белсенділер акция өткізді


Конституция күніне орай Нұр-Сұлтанда өткен акция. 30 тамыз 2019 жыл.
Конституция күніне орай Нұр-Сұлтанда өткен акция. 30 тамыз 2019 жыл.

30 тамызда Нұр-Сұлтанда Момышұлы мен Жұмабаев көшелерінің қиылысындағы "Жерұйық" саябағына жеті-сегіз белсенді жиналып, ел конституциясына байланысты пікірлерін айтты. Жиналғандар 1993 жылы қабылданған елдің алғашқы конституциясын қайтару және сайлау туралы заңға өзгеріс енгізу бойынша референдум өткізу бастамасын қолдайтынын, қазіргі конституцияның халық мүддесіне қарай жазылмағанын атап өтті.

Бұған дейін елдегі Қытай зауыттарының құрылысына қарсы жалғыз адамдық пикет өткізген белсенді Асқар Қайырбеков акция кезінде ел азаматтары өздерін "тәуелсіз" деп санағанмен шын мәнінде шынайы бостандыққа қол жеткізбегенін, елде пікір айту құқығы шектелетінін айтты. Ол елдегі мәселелердің түп-тамырын конституциямен байланыстырды.

"Алматыда қыркүйек айында өтейін деп жатқан құрылтайда бас қосып, конституцияға өзгертіс енгізу бойынша референдум ұйымдастыру, сайлау заңын өзгерту мәселелеріне нүкте қойылуы тиіс" деді ол.

Жиналған азаматтардың бірі Нағызхан Қажы алда парламент сайлауы келе жатқанын алға тартып, "Сайлау туралы" заңға өзгерістерді енгізу мәселесін қоғам жеделдету қажет екенін айтты.

"Парламент сайлауы биліктің айтуымен тағы да партиялық тізіммен болмақшы. Оны көкірегі ояу, көзі ашық баршаңыз біліп отырсыздар. Тағы да оған биліктің өздері сайлаған адамдар келеді де, халықтың жағдайы бұдан да нашарлап кетуі мүмкін. Озық отыз елдің қатарына жетеміз дегендегі жеткен жеріміз осы. Еліміздің, жеріміздің байлығына нақты ие болатын, құқығымызды қорғайтын, еуропалықтар сияқты өмір сүруге мүмкіндік беретін билікті сайлап алуымыз керек" деді Нағызхан Қажы.

21 тамызда бір топ белсенді сайлау заңына өзгеріс енгізу үшін республикалық референдум өткізу бастамасын көтерген еді. Белсенділер "референдум арқылы сайлау заңы мен саяси партиялар туралы заңға можариторлық жүйені енгізу мәселесін" қозғаған.

30 тамыз Қазақстанда Конституция күні аталып өтеді. 1995 жылы қабылданған конституцияның құрметіне елде демалыс жарияланған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституция күніне орай жариялаған құттықтауында "Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады. Келесі жылы Ата заңымыздың 25 жылдығын атап өтеміз. Осы кезең ішінде еліміздің басты заңы жасампаздық пен ілгерілеудің кепіліне айналды" деп жазылған.

Қазақстанның "тұтас құқықтық және әлеуметтік-экономикалық жүйені қалыптастырып, жан-жақты жаңғыру жолына түскенін" атап өткен президент:

"Біздің мақсатымыз – экономиканың сапалы өсімін және халықтың әлеуметтік сұраныстарын қамтамасыз етіп, тұрмыс деңгейін арттыру, сондай-ақ мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіру. Ата заң азаматтарымыздың мүддесіне қызмет етіп, елімізді одан әрі дамытуға септігін тигізе береді" деген.

1995 жылы қабылданған конституцияға 23 жыл ішінде бірнеше рет ірі өзгеріс енгізілді. Кейбір сарапшылар Қазақстан конституциясын "елдің дамуының тірегі болды, тұрақтылықтың кепілі, бұл мемлекеттегі адам құқықтарын қамтамасыз еткен басты құжат" деп сипаттаса, кей белсенділер мен саясаткерлер елді авторитарлық режимге кіріптар еткен құжатты даму жолындағы кедергі санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG