Тәжікстанды 25 жыл бойы үздіксіз басқарып келе жатқан, "ұлт көшбасшысы" атағына ие президент Эмомали Рахмон "Фароз" бизнес корпорациясының басшысы, күйеу баласы Шамсулло Сохибовті екінші дәрежедегі "Шараф" (Даңқ ордені) орденімен марапаттады. 29 тамызда өткен марапаттау рәсімі Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылған.
Президенттің Сохибовті марапаттап тұрған сәті бейнеленген сурет президент сайтында және Flickr желісіндегі баспасөз қызметінің парақшасында жарияланды. Бірақ кейінірек сурет алынған.
Бұған дейін халықаралық OCCRP жемқорлықты зерттеу орталығы Сохибов компаниясының Тәжікстандағы жанар-жағар май нарығы сияқты бірқатар салаларда монополия орнатып алғанын жазған еді. Сохибов Рахмонның қызы Рухшон Рахмонға үйленген. Рухшон Рахмон сыртқы істер министрлігінде жұмыс істейді.
Елде бұған дейін де осыған ұқсас оқиғалар болған. 2015 жылы тамыз айында қазір президент әкімшілігін басқаратын президенттің қызы Озода Рахмон да бірінші дәрежедегі "Шараф" орденімен марапатталған. 2013 жылы қыркүйек айында Эмомали Рахмон екінші қызының күйеуі Жамолиддин Нуралиевке екінші дәрежедегі "Құрмет" орденін тапсырған. Ол кезде Нуралиев Тәжікстанның қаржы вице-министрі болған.
Оқи отырыңыз: Президент ұлының билікке өрлеуі
Орталық Азияда басшылардың отбасы мүшелерін орденмен марапаттауы сирек құбылыс емес. 2017 жылы Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов ұлы Сардарды Mälikguly Berdimuhamedow (президенттің әкесінің құрметіне орай бекітілген сыйлық) медалімен марапаттады.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев елді басқарып тұрған тұста екі қызы Дариға Назарбаева мен Динара Құлыбаева "Парасат" орденін алған. Қазіргі сенат спикері Дариға Назарбаеваның одан бөлек, "Құрмет" (2004 жылы тапсырылған) және екінші дәрежедегі "Барыс" (2013 жылы алған) ордені бар. Өткен жылы Назарбаев өзінің кіші қызы Әлия Назарбаеваға "Анаға апарар жол" фильмінің қосалқы авторы ретінде өнер саласында берілетін мемлекеттік премияны тапсырды.
Қазақстанды шамамен 30 жылға жуық басқарған 79 жастағы Назарбаев биыл наурыз айында президент өкілетін тоқтатып, қызметінен кетті. Бірақ ол саясатта ықпалын сақтап қалды.
Қазір постсоветтік кеңістікте елді ұзақ жыл басқарғандар арасынан Беларусь президенті Александр Лукашенко және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қалды.
ПІКІРЛЕР