Accessibility links

Дариға Назарбаева сенат спикері болып қайта сайланды


Дариға Назарбаева (оң жақта) әкесі Нұрсұлтан Назарбаевқа "құрметті сенатор" төс белгісін тапсырып тұр. 6 маусым 2019 жыл.
Дариға Назарбаева (оң жақта) әкесі Нұрсұлтан Назарбаевқа "құрметті сенатор" төс белгісін тапсырып тұр. 6 маусым 2019 жыл.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева парламенттің жоғарғы палатасы – сенат спикері болып қайта сайланды. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, 2 қыркүйекте сенат отырысында депутаттар Назарбаеваның кандидатурасын бірауыздан қолдады. Оның кандидатурасын елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды.

2016 жылы Нұрсұлтан Назарбаев қызы Дариға Назарбаеваны сенат депутаты етіп тағайындаған. 2019 жылы наурызда Назарбаев президенттіктен кетіп, орнына сол кездегі сенат спикері Тоқаевты қойған. Ал Тоқаевтың орнына сенат спикері болып Дариға Назарбаева тағайындалған.

Биыл 12 тамызда Тоқаев Назарбаеваны қайта сенат депутаты етіп сайлады. Назарбаеваның сенат депутаты өкілетінің аяқталуына үш жыл қалған еді. Конституцияға сай, сенат депутатының өкілеті – алты жыл.

56 жастағы Дариға Назарбаева бұған дейін мәжіліс төрағасының орынбасары және вице-премьер болған. Назарбаева күйеуі Рахат Әлиев 2007 жылы «адам ұрлады, адам өлтірді және мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деп айыпталып жатқан тұста, бірнеше жыл жұрт көзінен таса болып кетті (Әлиев 2015 жылы Австрия түрмесінде өлі күйінде табылды).

2012 жылы Назарбаева «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша мәжіліс депутаты болып сайланды және әлеуметтік-мәдени даму комитетін басқарды. 2014 жылы сәуірде мәжіліс депутаттары бірауыздан Дариға Назарбаеваны төменгі палата төрағасының орынбасары етіп тағайындады.

2015 жылы қыркүйекте Дариға Назарбаева премьер-министр орынбасары болып тағайындалды. Бір жылдан кейін сенатқа депутат болып келді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG