5 қыркүйекте кешке Шымкентте оннан астам адам қала орталығына жиналып, "Қытай жобаларына" қарсылық білдіріп жатқан жаңаөзендіктерді қолдайтынын, елде Қытай зауыттарын салмауды талап етті.
- Отыз жыл бойы зауыт салмаған билік енді келіп Қытайға зауыт салғызамыз дейді. Бұл өтірік сөз! Қытайдан несие алып, қарызға белшесінен батып отыр. Мысалы, Тәжікстан қытайлықтарға жалға жер береміз деп жерлерін алдыртып қойды. Ұрпақ болашағына алаңдаймыз. Сол себепті жаңаөзендіктерді қолдаймыз. Жер сатылмасын. Зауыттар кірмесін. Жалға бермесін. Бұл мәселені халықпен құрылтай өткізіп, көппен ақылдасып шешуі керек еді. Олар өз білгенін істеп жатыр, - деді шымкенттік белсенді Бауыржан Ерімбетов акция кезінде.
Жиналған азаматтардың бірі "елге инвесторлар тартқан кезде билік халықпен ақылдасып, есеп беріп отыруы тиіс" деді.
- Халыққа мынадай жерде мынадай инвестор жұмыс істеп жатыр. Халыққа осынша пайда келтіріп жатыр. Еліміздің экономикасын осылай көтеріп жатыр деген сияқты деректерді халыққа көрсетсін. Халық қашанға дейін үндемей отыра береді? Жоқшылық кесірінен, жұмыссыздық кесірінен шетел асып кеткен қаншама жастарымыз бар? Неге өзіміздің жастар жұмыс іздеп, шетел асып кетеді де, ал көршлер бізге келіп, жұмыс істейді? Соны түсіндірсін. Енді халық шыдамайды деп ойлаймын. Екінің бірінен сұрасаң да, айтатыны осы мәселе, - деді акцияға келген азаматтардың бірі.
Акция кезінде тұрғындарға Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов келіп, наразы топқа "мәселені әкімдікке барып талқылауды ұсынды". Бірақ жұрт бұдан бас тартты.
Кең Баба саябағында наразылықты бастаған тұрғындар сәлден соң ұрандатып, Тәуке хан көшесі бойымен Әл-Фараби алаңына қарай жылжыды.
Олардың соңынан оқиғаны сырттан бақылап тұрған полиция қызметкерлері де ілесті. Көшеде шерушілер "Жаңаөзендіктерді қолдаймыз", "Қытай экспансиясына жол жоқ!", "Нұр Отанға жол жоқ!" деп айқайлады.
Соңғы ақпарат бойынша, наразы топ Әл-Фараби алаңына келіп тоқтаған. Полиция Әл-Фараби даңғылындағы жолды жапқан.
Бүгін Нұр-Сұлтанда өткен брифингте премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек Қытаймен бірлесіп жүзеге асырылған 15 жобада жұмыс істеп жатқандардың басым бөлігі қазақстандықтар екенін, жұртқа жобалар жайлы ақпарат дұрыс жетпей жатқанын айтқан.
Vlast.kz сайты 4 қыркүйекте Жаңаөзендегі қарсылық акциясына байланысты Қазақстандағы Қытай елшісі Чжан Сяоның пікірін жариялады. Онда елші митингілерде айтылған жайттарды "күлкілі әрі аңғалдық" деп атаған. Ол әрбір жобаның арнайы сараптамадан өтетінін және оларды біріккен комиссия іріктейтінін айтқан.
3 қыркүйектен бері елдің түкпір-түкпірінде жаңаөзендіктерді қолдау акциясы өтіп келеді. 2 қыркүйекте екі жүз шақты Жаңаөзен тұрғыны Қазақстанда Қытай ықпалының күшейгенін айтып, наразылық білдірген.
Оқи отырыңыз: Жаңаөзендіктер бастаған "Қытай экспансиясына қарсы" акция бірнеше қалада жалғасты
ПІКІРЛЕР