Accessibility links

"Сайын өзі құлады деп айт". Бұрынғы тұтқынның түрмедегі азаптау жайлы әңгімесі


Түрме камерасының терезесі.
Түрме камерасының терезесі.

Бұрынғы тұтқын Евгений Рычков Павлодар түрмесінде адам өлімімен аяқталған азаптау ісі бойынша куәгер болғанын, қылмысты жасыруға тырысқан билік әрекетіне наразы екенін айтады.

Қыркүйектің 4-і күні Павлодар соты осы қалада орналасқан АП-162/3 жалпы режимдегі түзеу мекемесіндегі азаптау ісі бойынша үкім шығарды. Сот айыпты деп таныған 14 адамды бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырды. Сотталғандардың тоғызы - бұрынғы түрме қызметкері, бесеуі - түрмеде жазасын өтеп жатқандар арасында белсенді болған.

Қылмыстық іс тұтқындардың қазасына байланысты екі эпизодтан тұрады. Біріншісі – 2016 жылы ақпанда түрмеде көз жұмған Қазақстан дзюдо федерациясының бұрынғы президенті 45 жастағы Бақытжан Әбдікәрімовті "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" (марқұмның туыстары оны біреулер өлтірген деп санайды); екіншісі – 2016 жылы маусымның 17-сі күні колонияға этаппен жеткізілген күннің ертеңінде, болжам бойынша ұрып-соғудан қайтыс болған 27 жастағы Сайын Мұратбеков.

2018 жылдың қыркүйегінде қамаудан босап шыққан бұрынғы тұтқын Евгений Рычков Азаттыққа түрмеде басынан өткен жайтты баяндап, марқұм Сайын Мұратбековтың қалай соққыға жығылғаны, азаптау ісі бойынша қалай куәгер болғаны жайлы айтып берді.

"МАҒАН БЕС ЖЫЛ БЕРДІ"

Азаттық тілшісі 44 жастағы Евгений Рычковпен Алматының сыртындағы оның үйінде кездесті. Евгений қамауға алынғанға дейін болған өрттен бүлінген үйін қалпына келтіру қамымен жүр.

Евгений Рычков екі рет сотталған. Алғаш рет 2014 жылғы қаңтарда ірі көлемдегі ұрлық үшін шартты жаза алса, екінші рет 2015 жылы Алматы қалалық әкімдігіне "шындық іздеп" барып, "қолымда отыз килограмм тротил бар" деп айтқаны үшін Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша ("Террористік акт туралы жалған хабар беру") сотталған.

- Келіссөздер болды. Ішімдік ішкен жоқпын. Шындыққа жеткім келді. Сақтандыру компаниясымен, полициямен байланысты мәселелер болды. Келіссөз өткізіп, барлық мәселені бірден шешкім келді. Бірақ келіссөз менің пайдама шешілген жоқ – мені әкімдіктен уақытша ұстау изоляторына әкетті. Маған "Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар тарату" бабы бойынша бес жыл берді. Алматыдан этаппен колонияға жөнелтті. 2015 жылы маусымның 13-і күні Балқаштағы АК-159/21 мекемесіне түстім, - дейді Евгений Рычков.

Түзеу мекемесін күзетіп тұрған адамдар. Көрнекі сурет.
Түзеу мекемесін күзетіп тұрған адамдар. Көрнекі сурет.

Рычков тұтқындалғанына наразылық ретінде Алматыдағы тергеу абақтысында аштық жариялап, журналистерге хабарласуды талап етіп, ішін тіліп жібергенін айтады. Ол тергеу абақтысында жағдай ауыр болды дегенмен келіспейді. Рычков қиындыққа этаппен Алматыдан Балқашқа жіберілген кезде тап болғанын айтады. Оның сөзінше, вагонда су тапшы болғанын, күзетшілер ұрып-соқпаса да, өздерін өте дөрекі ұстағанын айтады.

"СОДАН КЕЙІН САЙЫНДЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫН"

Евгений Рычков Павлодардағы колониямен салыстырғанда бұрынғы түрмедегі көргені "пионер лагері" сияқты әсер қалдырғанын айтады. Ол марқұм Сайын Мұратбеков этаппен түрмеге жеткізілген алғашқы күні әкімшілік қызметкерлерінің тұтқынды қалай ұрып-соққанын еске алды.

- Капитан Әбдіғалиев (кейін жауапқа тартылған түрме қызметкерлерінің бірі – ред.) "124-бап бойынша кім бар?" (Қылмыстық кодекстің "Жас балаларды азғындық жолға түсіру" бабы - ред.) деп сұрады. Сайын: "Мен" деп жауап берді. Бізді қоршау жаққа қаратып отырғызған болатын. Соның өзінде Сайынның капитанға жүгіріп барғанын көрдім. Сайынның денесі мен бетінен ұрғанын сотта айтып бердім, - дейді Рычков.

Рычковтың сөзінше, ол соққы тиген Сайын Мұратбековтың темір қоршауға соғылғанын көрген. "Біз карантинге жиналғанда, ол тағы да таяқ жеді. Карантин бөлмесінде барлығымызды тепкі мен таяқтың астына алды" дейді ол.

Ақыр соңында қолымды күштеп унитазға малып, бетімді сүрткізді де, "Бұл жерден көзіңді құрт!" деп жекіді.


Рычковтың айтуынша, этаппен келгендерді әжетханаға кіргізіп, тізерлетіп отырғызып, унитазға еңбектеп барып қолын салып, бетіне лас суды жағуға мәжбүрлеген. Тұтқындарға қолын жоғары көтергізіп қойып, саусақ ұшынан ұрған. Евгений Рычков бірнеше соққыдан кейін есінен танып қалып, унитазға қарай сүйреп бара жатқанда есін жиғанын, өзін Виталий Гажало мен капитан Бауыржан Әбдіғалиев сүйрегенін айтады.

- Гажало (түрме бастығының жаза өтеушілер арасындағы тәрбие жұмысы жөніндегі бұрынғы орынбасары, сот айыпты деп таныған Гажало сот аяқталмай тұрып қайтыс болғандықтан жазадан босатылған – ред.) мен Әбдіғалиев екеуінің біреуі мені жерге етпетімнен жатқызып, арқама атқа мінгендей секірді. Ақыр соңында қолымды күштеп унитазға малып, бетімді сүрткізді де, "Бұл жерден көзіңді құрт!" деп жекіді. Карантин бөлімінде бәріне келісетініңді айтып, арыз жазуың керек.

Евгений Рычков ұрып-соғу полиция жүрген жатын бөлмеде де жалғасқанын, бірақ бұрынғыдай қатты сабамағандарын айтады.

- Бізді төсектің жанына тұрғызып қойды. Қасыңнан өткенде өзіңді таныстыруың керек. Біреуді шапалақпен ұрады, келесі тұтқынға басқаша қол жұмсайды. Сол жерде Сайын тағы да таяқ жеді. Бойы кішкентай, өзі әлсіз, аяғын ақсаңдап басатын жігіт еді. Оның үстіне өзіне тағылған айып та жақсы емес. Бірақ поезда келе жатқанымызда Сайыннан ақша алу үшін оған әлгіндей жала жабылған тәрізді деп естідік, - дейді Рычков.

Евгений Рычковтың сөзінше, маусымның 18-і күні таңғы астан кейін белсенділер этаппен келгендерді алаңға шығарып, тағы да күш көрсетіп, өкшелерінен ұрған. Рычков өкшеден ұрғаннан кейін бүйрек тұсы қатты ауырғанын айтады. Ұрып-соғудан кейін тұтқындарды әуелі түскі асқа, кейін моншаға апарған.

- Жуынатын бөлмеге кіргенімде әрең қимылдап, зорға отырған Сайынды көрдім. Мен сонда қалып, ол сыртқа шығып кетті. Шықсам, Сайын өңі қашып бұрышта отыр екен. Белсенділердің бірі оны ұрғаны есімде. Зорға отырған адамға белсенділер "Неге өтірік істеп отырсың?" деді. Ал оның жағдайы ауыр еді. Маған "Бол, тезірек қимылда!" деп айқайлап, желкемнен соққы тиген соң, моншадан шығып кеттім. Содан кейін Сайынды көрген жоқпын, - дейді сотта дәл осындай куәлік бергенін айтқан Рычков.

"БІЗДІ ҚАЙТА ТЕРГЕЙ БАСТАДЫ"

Рычков тұтқын Сайын Мұратбековтың өлімі туралы колонияға прокуратура қызметкері келгенде бір-ақ білген.

- Ең қызығы осы кезде басталды. Канкин (кейін жауапқа тартылған колония қызметкері – ред.) мен тағы бірнеше офицер жүгіріп келіп, "қазір тергеу басталады" деді. Прокуратура өкілі келді. Бізге "Сайын құлап қалды немесе батареяға соғылды" деп айту керегін ескертті, - дейді Рычков.

Евгений Рычков прокурорларға ешқандай шағымы жоғын айтқан. Өз сөзінше, прокурорлар түрме әкімшілігімен тығыз байланыста жұмыс істейді деп қауіптенгендіктен өзі көрген жайтты айтпаған. Рычков бірнеше тұтқынның прокурорға арыз бергенін еске алды.

Түзеу мекемесінің қоршауы.
Түзеу мекемесінің қоршауы.

2016 жылы шілденің соңында Балқаштан келгендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оларды Павлодардағы уақытша тергеу изоляторына жібермек болған. Рычковтың сөзінше, жәбірленушілерден түсініктеме алған бірінші тергеу тобы әр тұтқынды мұқият тыңдаған. Евгений Рычков тұтқындарды азаптауға қатысқан офицерлердің түрін суретте бірден ажырата алмағанын айтады. 2017 жылдың көктемінде тұтқындардың шағымы бойынша сот процесі басталған.

- Істі былықтырғанын сот басталғанда ғана түсіндік: айыпталушылар арасында құқық қызметкерлерінен екі не үш адам ғана отырды. Мен істі қайта тергеуге жіберіп, азаптауға қатысы барлардың бәрін жауапқа тартуды сұрап арыз жаздым. Басқа тұтқындар мені қолдады. Содан кейін арыздар түсе бастады. Судья істі қайта қарауға жіберді. Жаңа тергеу басталып, бізді қайта тергей бастады, - дейді ол.

Евгений Рычков қайта басталған тергеу 2018 жылдың қаңтарында аяқталғанын айтады. Бұрынғы тұтқынның сөзінше, тергеу кезінде олар Павлодардағы тергеу абақтысында отырған. 2018 жылы қыркүйекте оны түрмеден "қуып шыққан". Түрме әкімшілігі Рычковты "тәртібі нашар" болғанына қарамастан қамаудан босатқан.

- Толық босап шықтым. Жазамның бір жарым жылын қысқартты. 30 күннен екі рет аштық жарияладым. Олар таңғалды. Тәртіп бұзудың екінші деңгейі. Сот үкімімен міндеттелген 500 мың теңгені әлі төлеген жоқ едім. Қысқасы, қуып шықты, - дейді Рычков.

Евгенийдің айтуынша, ол бұл іске 2019 жылдың наурыз айында колониядағы азаптау ісі бойынша сот процесі басталғанда қайта оралған. Сот процесіне қатысып, видео арқылы түсініктеме берген және істі судья Жұлдыз Тілегенованың жүргізуіне қарсы болған.

Рычков бұл іс бойынша сот шығарған үкімге қарсы шағым түсіргісі келетінін айтады. Ол сотта түрме қызметкерлерінің жеке тәртіп бойынша қаралған істерін ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті ретінде қарау керек деп есептейді.

Қыркүйектің 4-і күні судья Жұлдыз Тілегенова сот үкімінен бөлек екі жеке қаулы қабылдады. Оның біреуі - Павлодар облыстық прокуратурасының әрекетіне байланысты бас прокуратураға, екіншісі - Павлодар облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бұрынғы басшысы Ерсайын Нұртазиновтың әрекетіне байланысты ішкі істер министрлігіне қарасты қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне жіберілген.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері үкіметтері Қазақстан билігін түрмедегі азаптауды тоқтатуға бірнеше рет шақырған. Еуропарламент биыл наурыздағы қарарында Қазақстанда "тұтқындар мен күдіктілерді азаптау" қалыпты жағдайға айналғанын айтқан. АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі адам құқығының ахуалы туралы биыл жариялаған есебінде Қазақстанда түрмеде отырғандарды азаптау, ұрып-соғу тыйылмай тұрғанына назар аударған.


  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG