Accessibility links

Ақтөбеде "тұрғынды азаптады" деп айыпталған төрт полицей сотталды


Төрт полицейдің ісі қаралған сот отырысы. Ақтөбе, 6 қыркүйек 2019 жыл.
Төрт полицейдің ісі қаралған сот отырысы. Ақтөбе, 6 қыркүйек 2019 жыл.

6 қыркүйекте сот үкімімен Ақтөбе қаласындағы №4 полиция бөлімінің төрт қызметкері "адам азаптады" деп айыпталып, 4-5 жылға сотталды

Тергеу материалдарына қарағанда, 2019 жылы 25 қаңтар күні Ақтөбе қаласындағы №4 полиция бөлімі басшысының орынбасары, майор Руслан Есанов өз қарамағындағы үш қызметкерімен бірге қала тұрғынын азаптаған. Басына пакет кигізіп, оған жұдырық жұмсаған, психологиялық қысым көрсеткен. Осылайша оны күштеп мойындатып, қатысы жоқ ұрлықты күштеп танбақ болған.

Майор Руслан Есанов – 2016 жылы Ақтөбеде болған қарулы шабуылдан ("діни топтарға қатысы бар" 30 шақты адам қару дүкенін тонап, ұлттық гвардлияны басып алмақ болған – ред.) соң мемлекеттік награда алған он полицейдің бірі. Ақтөбе қалалық сотының судьясы Әлима Әділова "ант бұзған офицерді" "Ерлігі үшін" медалінен айыруға үкім етті. Сотталушылардың айыбы дәлелденгенін айтқан судья майор Руслан Есанов пен Марат Темірғалиевке – 5 жыл, Дастан Ходжибаев пен Асылбек Таласбаевқа 4 жылдық түрме жазасын кесті. Оларды майор, аға лейтенант, лейтенант шендерінен айырды. Сотталушылар жазасын өтеп шыққан соң үш жылға дейін ішкі істер саласында еңбек ете алмайды. Сондай-ақ сотталушылардан жәбірленшіге 500 мың теңге моральдық шығын өндіріп беруге үкім етті.

Экс-полицейлер осыған дейін ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүрген еді. 6 қыркүйек күні қолдарына кісен салынған кезде олар сот үкіміне наразы екендерін айтты.

– Әр нашақор үшін соттала беретін болсақ, Қазақстанда полицей қала ма? Біз табанымыздан сыз өте жүріп, халыққа адал қызмет еттік. Ақырғы сәтке дейін әділ үкім шығарар деп сізге сендік, – деді сотталушылардың бірі судья Әділоваға қарата.

Судья сотталушылар үкіммен келіспеген жағдайда апелляциялық шағым түсіруге құқылы екенін айтты.

Жәбірленуші тарап "сот үкімі әділ болды" деп санайды. Бұрын кісі өлтіргені үшін істі болып, жазасын өтеп келген жәбірленуші "иә, мен нашақормын. Нашақор да адам баласы. Нашақор екен деп жазықсыз адамды азаптауға бола ма?" деді.

Ақтөбе қалалық соты төрт қызметкері бір күнде түрме жазасы кесілген Ақтөбе облыстық полиция департаментіне жеке қаулы жолдады. Онда соталды тергеуі кезінде азаптауларға жол бермеу, азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына мән беру керегі айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG