Accessibility links

"Халық құрылтайының" соңы Тәуелсіздік алаңында жалғасты


Алматыдағы "Халық құрылтайы" жиыны Тәуелсіздік алаңында жалғасты. 7 қыркүйек 2019 жыл.
Алматыдағы "Халық құрылтайы" жиыны Тәуелсіздік алаңында жалғасты. 7 қыркүйек 2019 жыл.

7 қыркүйекте таңертең басталған "Халық құрылтайы" түстен кейін Тәуелсіздік алаңында жалғасты. Президенттік басқару жүйесінен бас тартып, парламенттік республика құру, саяси тұтқындарды босату, жемқорлық, ысырапшылдықты жою, бейбіт жиын өткізу құқығын сақтау, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов пен Қауіпсіздің кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымовты отставкаға жіберу, ойын ашық айтқан белсенділерді қудалауды тоқтату сияқты талаптар жазылған резолюция қабылдап, жиынды қорытындылаған азаматтар құрылтайдан кейін Тәуелсіздік алаңына барды. Мұнда ел тәуелсіздігі үшін құрбан болған азаматтарға құран бағышталды.

"Саяси тұтқындарға бостандық!", "Қытай экспансиясына жол жоқ", "Күш бірлікте" деген жазуы бар плакаттар ұстаған азаматтар алаңда елдегі түрлі саяси-әлеуметтік проблемаларды ашына айтты.

- Биыл "Жастар жылы" деді. "Шындықтан қашып құтылмайсың" деп плакат ұстаған жастарды қамады, жазалады. 10-15 тәулікке қамады. Осы ма жастарды қолдағаны? Өзгеріс керек! Одан қорықпау керек, - деді азаматтардың бірі.

Қайрат Еділбаев есімді Алматы тұрғыны "Тоқаевқа 16 желтоқсанға дейін уақыт берейік! Не халық жағына өтсін, не Назарбав жағына өтсін!" деп еді, көпшілік қол шапалақтап қолдай кетті.

Алаңға келгендер негізінен биліктің халықпен санаспауы, елдегі жемқорлық, қарапайым азаматтардың тұрмыс жағдайының нашарлап кетуі сияқты мәселелерді көтерді. Келгендердің бірі "құрылтайды қайта-қайта өткізе берудің қажеті жоқ, бұрын нағыз іске көшетін, атқа отыратын кезде ғана өткізген" деп "көп айта бермей, нақты іске көшу қажеттігін" меңзеді.

Бұл жерде негізінен таңертеңгі жиында уақыт жетпей, ұсыныстарын айта алмағандар сөйледі. Көпке талап-тілектерін жете алмай қалған кейбір азаматтар "жиын "Нұр Отан" форумына ұқсамауы" тиіс деп ренжіді. Шамамен күндізгі үш жарым шамасында жиналған халық тарады.

Алғашқы "Халық құрылтайы" кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында Нұр-Сұлтанда өткен. Онда да бүгінгі жиында айтылған мәселелер талқыланған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG