Accessibility links

Freedom House Қазақстан билігінен Жәкішевті босатуды талап етті


"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішев.
"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішев.

Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінен түрмеде отырған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішевті дереу босатуды талап етті.

"Сот БҰҰ адам құқығы комитетінің 2015 жылғы Жәкішевті қамаудан босату туралы өтінішіне қарамастан оны түрмеде қалдырса, Қазақстан билігі адам құқығын қорғау және заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша халықаралық міндетін бұзады" деп мәлімдеді ұйымның Еуропа және Еуразия бағдарламалары бойынша директоры Марк Берендт.

Ұйым өкілінің сөзінше, Қазақстан азаматтық және саяси құқықтар бойынша халықаралық пактіге қол қойған ел ретінде істі әділ әрі ашық қарауы тиіс.

"Қазақстан билігі Мұхтар Жәкішевті түрмеден дереу босатып, сол арқылы халықаралық заңдарды сақтайтынын және сыйлайтынын дәлелдеуі тиіс" деді Марк Берендт.

2015 жылы Жәкішевтің шағымын қараған Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі Комитеті оның құқығы бұзылғанын растап, Қазақстан билігін тұтқынды босатуға шақырған.

Бүгін, 10 қыркүйекте Өскеменде сот Мұхтар Жәкішевтің апелляциялық шағымын қарайды. 24 шілде күні Семей қаласының №2 соты түрмеде отырғанына 10 жылдан асқан 56 жастағы Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығару туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқаннан кейін ол апелляциялық шағым берген.

Мұхтар Жәкішев "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айыппен 14 жылға сотталған. Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.

Қазақстанда бірнеше айдан бері Мұхтар Жәкішевті босатуды талап еткен пикеттер мен наразылық шаралары өтіп келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG