12 қыркүйекте Берлинде халықаралық "Шекарасыз тілшілер" журналистер құқығын қорғау ұйымының әлемде баспасөз бостандығына үлес қосқан тәуелсіз журналистерге жыл сайын берілетін сыйлығын тапсыру рәсімі өтті.
Биыл бұл сыйлыққа үш журналист әйел – Эман әл-Нафджан (Сауд Арабиясы) Фам Доан Транг (Вьетнам) және Кэролайн Маскат (Мальта) ие болды.
Сауд Арабиясындағы әйелдер құқығын белсенді түрде қорғайтын және Эр-Риядты сынайтын Эман әл-Нафджанды "Батырлығы үшін" сыйлықпен марапаттады. Құқық қорғаушылардың сөзінше, сыйлықты Эман әл-Нафджанға тапсыру туралы шешімге өткен жылы Стамбулдағы Сауд Арабиясы консулдығында қастандықпен өлтірілген саудиялық журналист Жамал Хашоггидің қазасы да әсер еткен.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымы "Ықпал" дәрежесі бойынша сыйлықты вьетнамдық блогер Фам Доан Трангке тәуелсіз БАҚ жоқ елде азаматтық құқықтар мен баспасөз бостандығы үшін күреске үлес қосқаны үшін табыс етті. Вьетнамдық блогер кәсіби қызметі үшін бірнеше рет соққыға жығылып, қамауда отырған деп хабарлайды Deutsche Welle.
Әртүрлі тақырыпқа, соның арасында биліктегі жемқорлық туралы тәуелсіз журналистік зерттеулер жарияланатын тәуелсіз онлайн платформасының негізін салушы Мальта журналисі Кэролайн Маскатқа халықаралық ұйым сыйлығы "Тәуелсіздігі үшін" берілді.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымының сыйлығын тапсыру рәсіміне тек Маскат қана қатысып, сөз сөйледі. Сауд Арабиясы мен Вьетнам биліктері елден шығуына тыйым салғандықтан, Эман әл-Нафджан мен Фам Доан Транг Берлиндегі шараға келе алмады.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымы сыйлығы 1992 жылдан бастап жыл сайын беріліп келеді. Биыл бұл сыйлыққа 12 адам ұсынылған болатын.
"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы 2018 жылдың қорытындысы бойынша түзген баспасөз бостандығы тізімінде Қазақстан әлемдегі 180 елдің арасында оның алындағы жылғы көрсеткіштен бір орынға төмендеп, 158-ші боп тұр.
ПІКІРЛЕР