Accessibility links

Өзін өртеген удмурт ғалымының наразылығынан соң Ресейді тіл саясатын өзгертуге шақырды


Альберт Разин Удмуртия мемлекеттік кеңесі ғимараты алдында пикет өткізіп тұр. Ресей, Ижевск, 10 қыркүйек 2019 жыл.
Альберт Разин Удмуртия мемлекеттік кеңесі ғимараты алдында пикет өткізіп тұр. Ресей, Ижевск, 10 қыркүйек 2019 жыл.

Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Мәскеуді аз ұлттармен байланысты "қордаланып қалған мәселелерді" шешуге шақырды. Екі күн бұрын мұнда удмурт ғалымы әрі белсенді Альберт Разин Ресейдің тіл саясатына қарсылық ретінде өзін өртеп, ауруханада қайтыс болған.

Ресей "тіл саясатын қайта қарастырып, аз ұлттардың тілін алалауды қоюы керек, тілдік алуандықтың жойылуына жетелейтін нормативтік құжаттарды қайта қарауы тиіс" делінген HRW ұйымының 12 қыркүйекте жарияланған мәлімдемесінде.

Екі күн бұрын Альберт Разин Ижевскідегі парламент ғимаратының алдында өзін-өзі өртеп, сол күні ауруханада қайтыс болған. Оның қолында "Егер ертең ана тілім жоғалса, онда бүгін өлуге дайынмын", "Менде Отан бар ма?" деген жазуы бар плакаттар болған.

79 жастағы Альберт Разин - өткен жылы жазда Ресей мемлекеттік думасы жолдаған, орта мектептерде Ресейдің байырғы халықтары тілдерін міндетті пәндер қатарынан алып тастау туралы заң жобасын қолдамауды талап етіп, Удмуртия мемлекеттік кеңесінің төрағасы Алексей Прасолов пен депутаттарға ашық хат жазған ғалымдардың бірі. "Удмурт Кенеш" ұлттық қозғалысының белсендісі Илья Викторовтың сөзінше, Разин мектептерде удмурт тілін міндетті оқытуды сақтап қалу үшін күрескен, Удмуртияның экологиялық және экономикалық мәселелерін де жиі көтерген.

Өткен жылы Ресейдің бірқатар аймағында және республикаларында байырғы халықтардың тілдері мектептегі міндетті пәндер қатарынан алынып тасталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG