Қазақстан үкіметі автобус пен пойыз соқтығысқан Ақсеңгір-Шамалған тұсына емес, басқа жерге көпір салуды жоспарлайды. Бұл туралы 16 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз мәслихатында индустрия және инфраструктуралық даму министрі Роман Скляр айтты.
- Апат болған тұста күніне 65 пойыз өтеді. Әрине, бұл жерге көпір қажет. Бірақ көпір салу үшін жетпістей үйді, екі жанармай құю станциясын сүру керек. Бұл - бюджетке үлкен шығын. Сондықтан Шамалғанның басқа тұсынан көпір саламыз. Көпір құрылысы келесі жылға жоспарланған, - деді министр.
Склярдың сөзінше, апат болған тұста талапқа сай шлагбаум мен бағдаршам бар. Оның айтуынша, пойыз Шамалған бекетіне 2434 метр қалғанда дабыл автоматты түрде белгі берген. Бірақ сол тұста көлік тұрғандықтан шлагбаум толық түспей қалған.
- Кептелістің салдарынан автобус теміржолда тұрған. Пойыз 97 км/сағат жылдамдықпен келе жатқан. Машинист автобус тұрған тұсқа 500 метр қалғанда жедел тежегіш басқан. Бірақ үлгермеген, - деді Скляр.
Министрдің сөзінше, 1990 жылы шығарылған Setra автобусы "Қаскелен автобус паркіне" тиесілі. Скляр автобустың техникалық байқаудан өту мерзімі 16 шілдеде біткенін айтты.
Индустрия министрлігінің есебінше, апат болған тұстан күніне 65 пойыз өтеді. Скляр пойыз бен көлік соқтығысқан түста көпір салынбайтынын, кімет алдағы жылы Шамалғанның басқа жерінен көпір салуды жоспарлайды.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жолаушылар автобусында 20 адам болғанын айтты.
- 16 адам пойыз келгенше автобустан шығып үлгерген. Автобуста бір әйел екі баласымен қалған. Жүргізуші де автобуста болған. Қазір дәрігерлер әйел мен екі баланың өмірін сақтап қалуға бар күшін салып жатыр, - деді ол.
Бұған дейін Алматы облысы төтенше жағдай департаменті автобуста 45 адам болғанын айтқан. Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында 67 жолаушы болғанын жазған.
15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 19.20 кезінде Шамалған станциясындағы автокөлік пен теміржолдың түйіскен тұсында "Алматы - Қостанай" бағытында келе жатқан жүрдек пойыз бен Алматы мен Қаскелең арасында жолаушы тасымалдайтын автобус соқтығысқан. Жол апатынан бір адам қаза болды. Ауруханаға түскен үш адамның халі ауыр екені хабарланды. Үкімет Алматы-Қостанай пойызында болған жолаушылар зардап шекпегенін мәлімдеді.
Қыркүйектің 16-сына қараған түні Шамалған станциясына ондаған адам жиналып, жергілікті биліктен автобус пен пойыз жолы түйіскен тұсқа көпір салуды талап еткен.
ПІКІРЛЕР