Accessibility links

Нұр-Сұлтан соты 22 жастағы белсендіні он тәулікке қамауда қалдырды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Бүгін, 20 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қалалық соты қыркүйек басында Бәйтерек монументі маңында Қытай жобаларына қарсы "рұқсат етілмеген акцияларға қатысты" деп айыпталып, 10 тәулікке қамалған 22 жастағы белсенді Алтын Базарбайдың апелляциялық арызын қанағаттандырмады.

Екі күн бұрын, 18 қыркүйекте Нұр-Сұлтандағы мамандандандырылған ауданарлық әкімшілік соты жас белсенді Алтын Базарбайды он тәулікке қамаған.

Іс белсенді Базарбайдың қатысуынсыз өтті. Сотқа бақылау жасаған "Qaharman" қозғалысының белсендісі Жанбота Әлжанованың Азаттыққа айтуынша, арызды қараған судья Мәдениет Орманбекова "Алтын Базарбай әлі жас, митингіге қатысатындай отыз-қырыққа келген жоқ" деген уәж айтқан.

Алтын Базарбай тамыз айынан бері бірнеше мәрте өткен саяси тұтқындарды босатуды талап ету, "Қазатомпромның" бұрынғы басшысы, он жылдан бері түрмеде отырған Мұхтар Жәкішевті босату акцияларына да қатысқан.

16 қыркүйектен бері Қазақстанның түкпір-түкпірінде "Қытай жобаларына қарсы" акция өткізген белсенділер ұсталып, әкімшілік жазаға тартыла бастады. Бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматыда бірнеше азамат 10-15 тәулікке қамалған. Азаттық бастамалар коалициясының дерегінше, соңғы төрт күн ішінде полиция 54 белсені тергеп, кейбірі бірнеше тәулікке қамаған.

Қыркүйек айының басында Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Алматы, Орал, Атырау, Семей және өзге қалаларда ондаған азамат "Қазақстанға Қытай зауыттарын әкелуге қарсылық білдірген" жаңаөзендіктердің талабын қолдап, акция өткізген. Тұрғындар биліктен Қытайдан қарыз алмауды, көрші елмен қарым-қатынасты шектеуді талап етті. Олардың пікірінше, Қытайға экономикалық тұрғыда тәуелділік ел тәуелсіздігіне, болашағына қауіп төндіреді.

Ал билік өкілдері "елде таза қытайлық кәсіпорындар жоқ" екенін, бәрі Қытаймен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалар екенін айтып, халық наразылығын басуға тырысқан, қазіргі кезде инвестициясыз ел экономикасын алға жылжыту мүмкін емесін алға тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG