25 қыркүйекте Нұр-Сұлтан соты тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысына қатысы бар" деп айыпталған астаналық екі белсенді Ақмарал Керімбаева мен Гүлмира Халықованың ісі бойынша сот отырысын қазан айына қалдырды.
Оларға Қылмыстық кодекстің 405-бап 2-тармағы ("Экстремистік ұйымның ісіне араласу") бойынша айып тағылған.
Айыпталушылардың адвокаты Әсел Тоқаеваның Азаттық тілшісіне айтуынша, адвокат пен айыпталушыларға іс материалдарымен танысуға мүмкіндік берілмеген. Соған байланысты адвокат бүгін судьядан іс материалдарымен танысу үшін уақыт беруді сұраған. Сот өтінішін қанағаттандырып, Керімбаева ісі бойынша сот тыңдауын - 3 қазанға, Халықова бойынша сот тыңдауын 4 қазанға белгілеген.
Қазір Нұр-Сұлтанда белсенді Серік Жахиннің ісі де қаралып жатыр. Оған да дәл осындай айып (405-бап) тағылған. Оның ісі бойынша алғашқы сот отырысы өткен аптада болды. Жахин ісі бойынша келесі сот отырысы 26 қыркүйекке белгіленген. Адвокат Әсел Тоқаева бұған дейін Жахин ісі бойынша тергеу кезінде заңбұзушылықтар болғанын мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: "Желіде ҚДТ материалдарын бөлісті" деп айыпталған тұрғынның соты басталды
2018 жылы 13 наурызда Қазақстан соты ресми тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, оның жұмысына тыйым салған. Ақорданы сынаушы. қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған қозғалыс материалдарын таратуға да тыйым салынған.
2017 жылы сәуірде Әблязов "Қазақстанда демократиялық және конституциялық реформаны" жүзеге асыруды мақсат тұтатын қозғалыс құрылғанын жариялаған еді. Ол ҚДТ-ның бейбіт, құқықтық мемлекет құруды көздейтінін айтып, оны "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімімен келіспейді.
Өткен жылдан бері Қазақстанда "ҚДТ-ға қатысы бар" деген күдікпен ондаған адам ұсталып, айып тағылған. Билік кейбірін жауапқа тартып, соттаған. ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсы бұлыңғыр әрі қайшылық бар деп санайтын заңгерлер "жауапқа тартылғандар негізсіз қудаланды" деп есептейді.
ПІКІРЛЕР