АҚШ барлау қызметінің басшысы Джозеф Магуайр Трамп пен Зеленскийдің "даулы әңгімесіне" байланысты АҚШ конгресінің сұрақтарына жауап берді. "Америкалық арнайы қызмет өкілінің шағымдануына негіз бар" деді ол.
Бұған дейін Ақ үй АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің шілденің 25-індегі телефон әңгімесінің стенограммасын жариялаған. Екеуара әңгімеде Трамп украин басшысынан бұрынғы вице-президент Джо Байденнің ұлы Хантер Байденнің Украинамен байланысы бар ісін зерттеуді сұраған. Трамп оның жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін екенін айтқан. Джо Байден АҚШ президентігіне келесі сайлауда Трамппен бәсекелес болуы ықтимал саясаткер саналады.
Телефон әңгімесі белгілі болысымен конгрестің өкілдер палатасы "Трамп өкілетін асыра пайдаланды" деп айыптап, президентке импичмент жариялау бойынша зерттеу бастады.
Конгресс тыңдауы кезінде Магуайр жағдайды "ерекше оқиға" деп бағалады. Трамптың әрекетін хабарлаған арнайы қызмет өкілі "заң аясында қимылдады" деп есептейтінін білдірді.
Демократтар Магуайрды "шағымды америкалық заң шығарушылардан жасырмақ болды" деп айыптады. Ал барлау қызметінің басшысы айыппен келіспей, ақпарат жеткізушіні қорғау туралы АҚШ заңына сай әрекет еткенін айтты.
Өкілдер палатасының спикері демократ Нэнси Пелоси сол күні журналистерге берген сұхбатында Трампты Зеленскиймен әңгімесін жасырды деп сынады. Ол Трампты жауапқа тартуға асықпай, мәселені мұқият зерттеу керегін алға тартты.
Associated Press агенттігінің жазуынша, тыңдау кезінде республикашылдар пікір айтудан қашқақтаған. Тек конгресс мүшесі республикашыл Элиз Стефаник шағым авторы өзі баяндаған жайттардың көбін өз көзімен көрмеген деп көптің назарын осы мәселеге аудартуға тырысқан.
Трамп барлық айыптауларды негізсіз деп санайды. Украина президенті Зеленский де "Трамп қысым жасады" деген болжамды жоққа шығарады.
ПІКІРЛЕР