28 қыркүйекте Алматыда "Сарыарқа" кинотеатрының артында KazFem феминистер қозғалысы ұйымдастырған рұқсат етілген митинг өтті. ҚазТАГ агенттігінің жазуынша, бұл митингіні өткізу үшін қозғалыс өкілдері жергілікті билікке 36 өтініш түсірген. Тек бір рет қана келісім алған.
- Митингіде зорлық-зомбылық, тұрмыстағы әлімжеттік, тән саудалау секілді әйелдерге қатысы бар барлық мәселені көтереміз. Әйелдер колониясындағы жайттарға назар аудартқымыз келеді. Ол жақта ұрып-соғады, зорлайды. Соның нәтижесінде колонияларда қаншама бала дүниеге келіп жатыр. Өкінішке қарай, мемлекет мұны ескергісі келмейді, - деді қозғалыс белсендісі Вероника Фонова.
Митингке келгендер "патриархат нормалары үстемдік еткен" қоғамда әйелдердің құқықтары жиі тапталатынын, тұрмыстық әлімжеттікке ұшырағандардың арыздары мұқият қаралмайтынын, әйелдерге психологиялық-құқықтық көмек көрсететін дағдарыс орталықтарының аздығын және өзге мәселелерді қозғаған.
Митинг соңында қабылданған резолюцияда "Тұрмыстық әлімжеттік" туралы заң жобасын жасау, зорлық-зомбылық көргендерге медициналық-психологиялық көмек көрсету үшін бюджеттен қаржы бөлу сияқты барлығы тоғыз талап жазылған.
Кейбір әлеуметтік желі қолданушыларының жазуынша, митингіге ондаған адам қатысқан. "Феминистердің Қазақстан тарихындағы алғашқы митингісі" деп жазғандар да бар.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 2018 жылы "Зорлау" бабы бойынша - 1130, "Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық" бабы бойынша 320 заңбұзушылық тіркелген. Мамандардың айтуынша, әйелдердің басым бөлігі зорлық-зомбылық көргенін полицияға хабарламайды.
Қыркүйек айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев зорлау мен тұрмыстық әлімжеттік жасағандарға жазаны қатайту қажет екенін айтқан. Осыдан соң прокуратура арнайы заң жобасын әзірледі.
Жобада бұған дейін орта дәрежедегі қылмыс саналатын "зорлау" бабы ауыр қылмыстар санатына қосу көзделген. Ал кәмелет жасына толмағандарды "зорлағандар" 20 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Бірақ кейбір сарапшылар жазаны күшейтумен мәселе шешілмейді деп санайды.
ВИДЕО: Зорлау қылмысына жаза қатайту мәселені шеше ме? (13 қыркүйек 2019 жыл).
Қозғалыстың әлеуметтік желі парақшаларындағы мәліметке сәйкес, Kazfem бастамашыл тобы 2015 жылы жазда құрылған.
ПІКІРЛЕР