Нью-Йорктегі алқабилер соты Өзбекстан азаматы Дильхаёт Касымовты ДАИШ-қа (Қазақстанда тыйым салынған, өздерін "Ислам мемлекеті" деп атайтын экстремистік топтың араб тіліндегі атауының қысқартылған нұсқасы - ред.) қаржылай қолдау көрсетті деп танып, 30 жылға түрмеге кесті.
2015 жылы 6 сәуірде Бруклиндегі федералдық сот Касымовқа айып таққан. Тергеу дерегі бойынша, Дильхаёт 2015 жылы өзбекстандық Аброр Хабибов екеуі 1600 доллар жинап, қазақстандық Ахрор Саидахметовке бермек болған. Айыптаушылар дерегінше, Саидахметов өзінің танысы Абдурасул Журабаевпен "Ислам мемлекетіне" қосылу үшін Таяу Шығысқа баруды көздеген.
Саидахмедов 2015 жылы 25 ақпанда Нью-Йорк әуежайында Түркияға ұшқалы жатқанда ұсталған. Сот деректері бойынша, Касымов Саидахмедовке ақша бергенін, оның Сирияға бармақ болғанын білетінін мойындаған.
2017 жылы желтоқсанда сот Бруклинде тұратын 22 жастағы Ахрор Саидахмедовті "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қаржылай көмек беруге талпынғаны үшін 15 жылға соттаған. Нью-Йорк прокуратурасының мәліметі бойынша, қамау мерзімі аяқталған соң қазақстандық Саидахмедов АҚШ-тан шығарылады. Саидахмедовпен бірге 2017 жылы қазанда ұсталған өзбекстандық Абдурасул Журабаев 15 жылға бас бостандығынан айырылған.
ПІКІРЛЕР