Accessibility links

Сауд Арабиясының тақ мұрагері: Мұнай бағасы күрт қымбаттауы мүмкін


Сауд Арабиясының дрон шабуылына ұшыраған мұнай өңдеу зауыты
Сауд Арабиясының дрон шабуылына ұшыраған мұнай өңдеу зауыты

Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман халықаралық қауымдастық Иран мәселесінде қатаң шешім ұстанып, табанды әрекетке көшпесе мұнай бағасы күрт қымбаттауы мүмкін екенін ескертті.

Ол CBS телеарнасының «60 минут» бағдарламасына берген сұқбатында «Иранды тежеуге батыл әрекет жасалмаса, әлем мүддесіне қауіп төндіретін жағдай ушыға беретінін» айтқан.

Биыл 14 қыркүйекте Сауд Арабиясының мұнай өңдеу зауытына дронмен шабуыл жасалып, Сауд Арабиясы өндіретін мұнай тең жарымына дейін қысқарған. Сауд Арабиясы дүниежүзіндегі мұнайдың 10 пайызын өндіреді.

Сауд Арабиясының билігі мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мұнай өңдеу зауытынан жасалған шабуылды соғыспен теңестіріп, оған Иранды кінәлаған. Франция, Германия және Британия да Тегеранды айыптаған. Иран шабуылға қатысы жоғын мәлімдеп, айыптауларды теріске шығарды. Алайда, Иран қолдайтын йемендік көтерілісші - хуситтер мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуылға жауапкершілікті мойындарына алған.

Сауд Арабиясының мұнай зауытына жасалған шабуылдан кейін әлемде мұнай бағасы өскен.

Осы оқиғадан кейін нарықта туған мұнай сұранысын өзге мұнай өндіруші елдер дереу пайдалана ма деген сұрақ пайда болған. Осыған ұқсас сауал Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа да қойылған. Ол "Қазақстан Сауд Арабиясындағы жағдайды пайдаланады деу" этикаға қайшы келетінін әрі Қазақстан ОПЕК алдындағы міндеттемесі бойынша 2020 жылдың наурыз айына дейін қазіргі межеден артық мұнай өндіре алмайтынын" айтқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG